Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты жүргізілген қызметтік тексеру қорытындысы бойынша Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің дерегінше, 11 қаңтарда Шымкент тұрғыны Нұрай Серікбай алған көп пышақ жарақатынан қайтыс болған. Қайғылы оқиғаға дейін күдіктінің марқұмды қорқытып, аңдып жүргені белгілі болған.
Алайда қыздың ата-анасы полицияға жүгінгенімен, қылмыстық іс уақытында тіркелмеген. 16 қаңтарда ІІМ Шымкент қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын хабарлаған.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырған. Қызметтік тергеу нәтижесінде тәртіптік шешімдер қабылданды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге салғырт қарағаны үшін департамент басшысы мен оның бірінші орынбасары лауазымдарынан босатылды.
Сондай-ақ бірқатар қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылды. ІІМ заң талаптарының бұзылуына, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездікке жол берген кез келген жағдайға қатысты ұстанымының қатаң екенін атап өтті.
Ресми мәліметке сәйкес, Шымкент қалалық полиция департаментін Нұрлан Алмасбеков басқарған, ал оның бірінші орынбасары қызметін Құрманбек Сахов атқарған.
Сонымен бірге ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның туыстарының арызына тиісінше құқықтық баға берілмеуі мүмкін деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр