Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Заңсыз байланысқа тосқауыл қойылады

Жеті жыл бұрын, сол кездегі Ішкі істер министрі түрмелердің енді ұялы байланыс өте алмас берік қамалға айналғанын жариялады деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

Заңсыз байланысқа тосқауыл қойылады
Фото: ашық дереккөзден

Алайда мұның шындықтан алыстығы артынша әшкере болды. Сорақысы сол, «Қасіретті қаңтар» кезінде түрмелерден қоңыраулар шалынған. Сотталғандардың бірі «қамалдың» ар жағынан лаңкестік актісін үйлестіруге талаптанған. Бас еркіндігінен айырылған адам­ның бостандықтағы кісіні өлтіруге тапсырыс бергені тіркелді. Түрмелерден телефон соғып, аңғал халықтың қалтасын қаққан, барынан айырып, қан қақсатқан алаяқтар қаншама? ІІМ келесі жылы бұл кесірмен күрестің жаңа тәсілін қолданбақ.

Қамал қабырғасын 4G бұзып өткен бе?

Он жылдай бұрын Қазақстан түрмелерді ұялы байланысты бұ­ғаттайтын құрылғылармен жаб­дықтауға кірісті. Дегенмен, соттал­ғандар оларды айналып өтудің амалын тапқан. Ал 2014 жылғы 5 ақ­панда ақпарат құралдары: «Түр­мелерге бұдан былай ұялы байланыс өте алмайды» деген тақырыппен шықты. Мұны Ішкі істер министрі мәлімдепті. «Колонияларда 6 метр­лік алып дуалдар орнатудамыз. Олар­­дың үстінен лақтырылған зат­тарды тұту үшін тағы 3 метрлік дуал­шалар қойылады. Мұның бәрі те­ле­фондардың сигналын сөндіруге арналған біздің барлық техника­лық құралдарымыздан әлдеқайда тиім­ді болып шықты. Бұл қалың қабыр­ғаны телефон байланысы тесіп өте алмайды. Ендеше біз ары қарай да осы істі жалғастыра бере­міз», – деді сол тұстағы ІІМ басшы­сы Қалмұ­хан­бет Қасымов Парла­мент депутаттарына.

Әрине, Мәжілістегі баяндама­сында генерал Қ.Қасымов «Қазақ­станда 4G байланысы пайда болы­сымен бұл бағыттағы жұмысты же­тілдіруге тура келетінін» ес­керт­кен еді. Бүгінде бас бостандығы­нан айыру орындарында отырған­дардың сыртқа заңсыз әрі жиі қо­ңыраулатуы «жетілдіретін уақыт­тың» жеткенін аңғартқандай.

«Сотталғандардан ұялы теле­фондарын тауып, тәркілеу, оларды жеткізу арналарын жабу және басқа бағыттарда қабылданып жатқан шаралар жағдайды жақсы жаққа қарай түбегейлі өзгертуге мүмкіндік бермеді. Осы салада техникалық прогресс тоқтаусыз әрі тұрақты түрде дамып жатыр: елде мобильді деректерді беру қысқа уақыт ішінде 2G-ден 3G, 4G-ге көшті, алда 5G тұр. Салдарынан мекемелерде бұ­рыннан тұрған ұялы байланысты бұғаттаушы блокаторлар моральдық тұрғыдан ескірді және тиімділігін жоғалтады. Ал олардың жаңала­ры­ның құны жоғары болғандықтан, блокаторларды уақтылы жаңартуға мүмкіндік бермейді», – деп түсін­дірді ІІМ Қылмыстық-атқару жү­йесі (ҚАЖ) комитетінің Режим, қадағалау және күзет басқармасы.

Темір торда телефон да қару

Мұның сыртында қылмыс­кер­лердің сырттағы сыбайластары олар­ды ұялы телефондармен жаб­дықтаудың түрлі айла-амалын тапты.

«Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №70 қауіп­сіздігі аралас мекемесіне пошта арқылы келген сәлемдемені тексеру кезінде одан тарақ, печенье және шәй қорабының ішіне мұқият жа­сырылған ұялы телефондар мен SIM карталар тәркіленді. Режим және күзет бөлімі қызметкерлерінің қырағылығы арқасында, пластик тарақтың ішіне жасырылған 2 кіш­кентай телефон, ал шәй қорабынан смартфон табылды», – деп хабар­лады Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

СҚО бойынша ҚАЖ департа­ментіне қарасты ЕС-164/8 мекеме­сінде шоколад орнына қапталған телефон табылды. Жарымен кез­десуге келген 48 жастағы павлодар­лық әйел ұялы телефонды іш киі­міне тығып алған. Ақмола облы­сы­ның ҚАЖ мекемесіне қырынуға арналған гельде жасырылған теле­фондарды өткізудің жолы кесілді. Ақтөбе тұрғыны танысына арналған телефонды бананға жасырған. Алматы облысының колониясына ет рулетіне тығылған телефондар әшкереленді. Тортта, аяккиімдер өк­шесінде жасырып, басқа да амалдармен телефонды алып өту талаптары жасалған.

«Көтерме» партиялары да жет­кізіледі екен. Жамбыл облысы бо­йынша ҚАЖ департаментінің тө­тенше қауіпсіз ЖД-158/7 меке­ме­сінде 85 ұялы телефон өткізбек болған адам ұсталды: мекеме ау­мағында жұмыс істейтін ағаш өңдеу кәсіпорнына құрылыс материал­дарын тасыған автокөлік жүргізушісі соларды түрме аумағында сатып, табыс таппақ болған көрінеді. ІІМ 2021 жылы осы мекемеде ағаш ма­териалдарын түсіру кезінде 137 ұялы телефон табылғанын еске салады.

Мамандардың түсіндіруінше, түрмеге тыйым салынған заттарды, ұялы байланыс телефондарын өткізуге талаптанғандар жеңілдеу жа­замен құтылып кетеді. Олар Әкім­шілік құқық бұзушылық ко­дексінің 481-бабы бойынша әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК айыппұл төлейді.

Салдарынан тек бір жыл ішінде қылмыстық-атқару жүйесі меке­мелерінде 3 мыңнан астам мо­биль­ді құрылғы тәркіленді. Табыл­мағаны қанша?

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ұялы байланыс құралдарын сотталғандар мекемелерден тыс жерлерде жаңа қылмыстар, мысалы, алаяқтық, бопсалау және басқасын жасау, қылмыс әлемін, соның ішін­де трансұлттық қылмыстық топ­тарды, қауымдастықтарды ұйым­дастырып, үйлестіру үшін пайдалана алатынына алаңдаушылық білдірді. Мәселен, 2022 жылы түрмеде отырып, интер­нет алаяқтықпен ай­налысқан 3 сотталған ұсталды. Олар 57 алаяқтық фактісін жүзеге асырып үлгерген.

Сонымен қатар мобильді құ­рыл­ғылар көмегімен арнайы кон­тингент куәгерлерге және қыл­мыстық процестің басқа қатысу­шыларына қысым жасауы, тергеуді адастыру үшін серіктестермен ымы­раласуы мүмкін.

«Мысалы, Атырау облысы бойынша ҚАЖД УГ-157/9 меке­месінде сотталған адам WhatsApp арқылы бостандықта адам өлтіруге тапсырыс беріп, сыбайласына соған қажетті қарудың жасырылған ор­нын көрсеткен. Бұған қоса, соттал­ғандар ұялы телефондарды есірткі құралдар, кескіш-тескіш заттар, те­лефондар сияқты тыйым са­лын­ған заттарды ҚАЖ мекемелерінің аума­ғына заңсыз жеткізуді ұйым­дастыру үшін қолданады. Олар ин­тернетке де шыға алады. Салда­ры­нан, мекеме­лер ішіндегі жағдайды және кезекші нарядтардың қозға­лысын көзбен бақылай алатын сот­талғандар онлайн режимде аумақты аралап жүретін бақылаушылардың қай жерде тұрғанын тыйым са­лынған заттарды жасырын лақты­ратындарға хабарлап отырады», – деп түсіндірді мемлекеттік орган мамандары.

Соның кесірінен, 2022 жылдың 11 айында ҚАЖ мекемелерінің аумағына 227 рет тыйым салынған заттар лақтырылды. Оның 100-і бойынша ғана құқық бұзушылар (112 адам) ұсталды (қалғаны құты­лып кеткен). 407 бірлік ұялы те­лефон, 4,5 келі есірткі, 62 литрден астам спирттік ішімдіктер, 4 мың­нан астам психоактивті препараттар тәркіленді. Мамандар мұндай «сә­лемдемелердің» барлығын дерлік сот­талғандар мекеме ішінен жос­пар­лап, үйлестіретінін айтады.

Жаңа тетік қашан іске қосылады?

Бас бостандығынан айыру орын­­дарында қару-жарақ, оқ-дә­рілер мен арнайы құралдар сақта­ла­тыны мә­лім. Сондықтан бұл ме­ке­мелер лаң­кестердің нысанасына айналаты­нын қаңтар оқиғалары паш етті. ҚАЖ мекемелері бүгінде «Терро­ристік тұрғыдан осал объек­тілердің аумақтық тізбесіне» енгізілді.

«Түзеу мекемелерінде ұсталатын арнайы контингент террористік актілерді ұйымдастыру, қаруға, оқ-дәрілерге қол жеткізу, адамдарын қамаудан босату мақсатында ҚАЖ мекемелеріне шабуыл жасау үшін бостандықтағы қылмыстық топ­тардың іс-әрекеттерін үйлестіруге ұялы телефондарды пайдаланады. Қылмыстық топтардың ҚАЖ объек­тілерінде сақтаулы тұрған қа­ру-жараққа деген қызығушы­лы­ғы­ның бар екенін биылғы «қанды қаңтар» оқиғалары растады. Сонда Талдықорған, Алматы, Тараз және Қызылорда қалаларының тергеу изоляторларына террористік топтар қарулы шабуылдар жасады. Сол шабуылдардың салдарынан құқық қорғау және арнайы қызметтердің қызметкерлері қаза тапты, көбісі жараланды. Мемлекетке залал кел­ді», – дейді ІІМ ҚАЖ комитетінің мамандары.

Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті меке­мелерінің бірінде жазасын өтеп жат­қан сотталған адам ұялы теле­фонның көмегімен басқарған те­рактінің алдын алды.

ҚАЖ жүйесінде ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжі­рибелі маман Рустам Илюкиннің мәліметінше, ұялы байланыс құ­ралдарын арнайы контингент ҚАЖ мекемелерінен қашуды, жаппай тәр­тіпсіздіктер мен топтық бағы­н­бауды ұйымдастыру мақсатында пайдалануы мүмкін. Мысалы, 2010-2011 жылдары сотталғандар ұялы телефон көмегімен және бостан­дықтағы террористік қылмыстық топтардың қолдауымен Ақтаудағы ГМ-172/1 және Балқаштағы АК-159/21 мекемелерінен топтық қашуды жоспарлап, ұйымдастырған. Олар қаруланып алған.

Қорыта айтқанда, түрмелерге еніп кеткен ұялы телефондардан келетін кесір «көл-көсір» көрінеді. Бірақ түзеу мекемелеріндегі бай­ланысты толық бұғаттау мүмкін болмай отыр. Сонда қайтпек керек?

Түйткілдің түйінін тарқату үшін «Байланыс туралы» заңға және Қылмыстық-атқару кодексіне өзге­ріс енгізетін жаңа заң жобасы әзір­ленді. Онда сотталғандардың ұялы байланысты заңсыз пайдалануына тосқауыл қоюдың бір тетігі қарас­тырылған. Оған сәйкес, абонентке қызмет көрсету тоқтатылады. Бұдан кінәсіз тұтынушылар зардап шекпей ме? Қылмыскерлердің телефоны қалай анықталады?

Ішкі істер министрлігінің тү­сіндіруінше, заңсыз құрылғының жұмысы сәйкестендіру коды ар­қылы анықталады. Бұл тәсіл мем­лекеттік радиожиілік қызметінің бөлімшесі саналатын Ұялы бай­ланыстың абоненттік құрылғыла­рының сәйкестендіру кодтары де­рекқорының операторы (СКД опе­раторы) арқылы жүзеге асы­ры­лады деп күтілуде.

Қимыл алгоритмі келесідей: бі­ріншіден, қылмыстық-атқару жү­йесінің органы арнайы техникалық құралдардың көмегімен пеленгация жүргізіп, түрме аумағында жұмыс істеп тұрған мобильді құрылғыларды табады. Одан қызметкерлердің құ­рылғылары алып тасталады. Екін­шіден, түзеу мекемелері террито­риясында заңсыз әрекет ететін құрылғылардың IMEI-кодтарының (әрбір ұялы телефонның бірегей сериялық нөмірі) тізімі қалып­тас­тырылады. Үшіншіден, сол құрыл­ғылардың жұмысын тоқтату үшін IMEI-кодтар тізімі СКД опера­торына жолданады. Төртіншіден, СКД операторы аталған абоненттік құрылғылардың жұмысын тегіс бұғаттау шараларын қабылдайды. Ұқсас тәжірибе Қазақстанда бұ­рыннан бар: смартфонын жоғалтқан не ұрлатқан адам полицияға ша­ғымданып, ол құрылғысын бұғаттап тастатқыза алады. Коды бұғатталған құрылғы жай пластикке айналады. Оны бұғаттаудан шығарып алу амалдары бар деседі. Дегенмен, темір тордағы заңсыз байланысқа тоспа құру үшін қолданыстағы бұғаттау жүйелеріне көмек ретінде аталған тетіктің де болуы маңызды. Дәл осындай күрес тәсілі 2021 жылғы наурыздан бері Ресейдегі түзеу мекемелері аумағында қол­данылады.

Үкіметтің жоспары бойынша осыны қарастыратын заң жобасы 2023 жылғы наурызда Мәжіліске енгізіледі. Мамырға дейін қабыл­данып, күшіне енуі тиіс. Ал мау­сымтамызда заңға тәуелді актілерге өз­герістер енгізіліп, тетік іске қо­сылуы керек. Ел үшін оның ме­й­лінше те­зі­рек өмірге жолдама ал­ғаны ма­­ңыз­ды. Бұған тек келесі жылғы Пар­ла­менттік сайлау кедергі болуы мүмкін.