30 тамызда Ақтауда Каспий теңізінің акваториясында ішінде жеті адамы бар серуендеу катері жартасқа соғылды. Екі адам қаза тапты, деп хабарлайды paryz.kz.
Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға болғаны туралы хабарлама сағат 22:56-да түскен. Катер 5А шағын ауданы маңындағы жартасқа соғылған.
"Құтқару операциясы кезінде бес адам жағаға шығарылып, дәрігерлерге тапсырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, катерде болған тағы екі адамның құтқару кеудешесі болмаған. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар жағалаудан шамамен 500 метр қашықтықта екі адамның денесін тауып, судан шығарды", - деп хабарлады ведомство.
Құтқару операциясына Төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері, төрт техника және төрт жүзу құралы жұмылдырылды.
Сонымен қатар оқиға орнында полицияның 10 қызметкері, төрт техника, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері және жедел медициналық жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.