Прямая трансляция

Астана

Астана

17°C

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы – пайдалы кеңес

Барлық адам ұзақ өмір сүргісі келеді. Бірақ бәрі бірдей тән саулығына жіті көңіл бөле бермейді. Ал өмір сүру жасын ұзартудың бірден бір кепілі – деннің саулығы екені баршаға аян. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы балалар мен жастардың денсаулығын нығайту бөлімінің басшысы Диана Шамгунова ұзақ ғұмыр кешудің сырын бөлісті деп жазады Рaryz.kz   Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы – пайдалы кеңес
ашық дерек көздерінен

Ғалымдардың пайымынша, адамның денсаулығы, түр-келбеті мен өмір сүру ұзақтығы 10%-і – денсаулық сақтау саласына, 20%-і – генетикаға, 20%-і – экология мен қоршаған ортаға, 50-60%-і – өмір сүру салтына байланысты.

"Осы тұжырымнан-ақ деніміздің саулығы 60 пайыз өз қолымызда екенін аңғаруға болады. Ұзақ ғұмыр кешудің, үнемі жас көрінудің ең басты қағидасы – салауатты өмір салтын ұстану. Бұл дегеніміз дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу, қимыл-қозғалыста жүру, күйзеліске түспеу және дұрыс ұйқы. Осының бәрін шама келгенше қатар алып жүрген абзал. Себебі салауатты өмір салты – біртұтас, кешенді жүйе", - дейді Шамгунова.

Маман өмір сүру жасын ұзартудың қарапайым жолдарына кеңірек тоқталды.

Дұрыс тамақтану

Әр адамның организміне қажетті ақуыз, көмірсу, майлардың тәуліктік нормасы болады. Ас қорыту жүйесіне салмақ түсірмей, дұрыс тамақтану үшін осы органикалық заттар бекітілген мөлшерден асып кетпегені жөн.

Азық-түлік таңдағанда, дәрумендер мен минералдарға бай өнімдерге басымдық беру қажет. Әдетте бұл түрлі түсті көкөніс, жеміс-жидек, ет, балық, жаңғақ, бұршақ, жарма.

"Сондай-ақ иммунитетті көтеру үшін құрамында С дәрумені бар тағамдарды да қосу керек. Олар иммундық жүйені нығайтып, вирустар мен түрлі бактериялардан қорғайды. Рационға қызыл, сары, қызыл-сары, күлгін және жасыл көкөністерді қосу да маңызды. Олардың құрамында бета-каротин бар. Ол микробтармен күресетін жасушалардың өндірісін ынталандырады", - деді Шамгунова.

Бұдан бөлек, дәрігер ақуызы бар тағамдарға басымдық беруге кеңес берді. Себебі бұл иммуноглобулиндер, яғни қорғаныш жасушасы ретінде әрекет ететін антиденелердің құрылысы үшін негізгі материал. Ақуыз балансын көтеру үшін рационға ет, балық, сүт өнімдерін, бұршақ дақылдары мен жұмыртқаны қосу керек.

"Ақуыз – организмнің негізгі құрылыс материалы. Ағзада иммунитетті көтеруге жауап беретін антиденелер болады. Сол антиденелердің құрылысы үшін негізгі зат – ақуыз. Сол себепті ақуызды рационға неғұрлым көп қоссаңыз, иммунитетіңіз соғұрлым мықты бола түседі",- деп жалғастырды сөзін сарапшы.

Шамгунова тәннің саулығын қалайтын жандарға қант қосылған, газдалған, майлы және тез дайындалатын тағамдардан бас тартуға кеңес берді.

Көмірсу, ақуыз, ет тағамдарын мейлінше түс кезінде жеген дұрыс. Ал кешкі асқа жеңіл тағам дайындау керек, өйткені ұйқы уақыты жақындағанда ағзадағы бүкіл процесс бәсеңдейді. Кешке тойып тамақ ішкеннен кейін ас қорытылмай қалатыны содан.

Ет

Денсаулықты нығайту бөлімінің басшысы ет – адам ағзасына қажетті ақуыздың басты көзі екенін атап өтті.

"Қазақ халқы ежелден жылқы етін, құнарлы етті таңдаған. Сондықтан табиғи етті тұтыну зиян деп ойламаймын. Еттен түсетін ақуыздар мен майлар адам ағзасына өте пайдалы. Біздің ағзамыздың басым бөлігі бұлшық еттен құралған. Ал бұлшық еттердің негізгі құрылыс материалы – ақуыз. Сондықтан ет күнделікті рационда міндетті түрде болуы керек. Ақуыздың тәуліктік мөлшері 100 грамнан аз болмағаны жөн", - деді Диана Шамгунова.

Бұл ретте ол рационға сиыр еті, тауық еті мен балық етін де қосып отыру маңызды екенін айтты. Рацион неғұрлым әртүрлі болса, ағзаға соғұрлым көп витамин, минералдар мен пайдалы заттар түседі.

Нан

Дұрыс тамақтанудың тағы бір құпиясы – нан өнімдерін шектеу. Өйткені нан – бұл көмірсу. Әсіресе, ашытқы қосылған нанды көп жемеген абзал.

"Нан өнімдері көбіне ашытқымен пісірілетіндіктен, денсаулыққа зиянды. Наннан мүлде бас тартыңыз деп отырған жоқпыз, тек мөлшерін азайту керек", - деді бөлім басшысы.

Су

Судың тәуліктік нормасы әр адамның салмағына байланысты болады. Адам ағзасының басым бөлігі судан тұратындықтан, су қалыпты мөлшерде ағзаға түсіп отыруы қажет. Себебі организмдегі бүкіл процесске судың қатысы бар. Таңертең ұйқыдан оянғаннан кейін міндетті түрде бір стақан су ішу керек. Осылайша түске дейін судың бір күндік нормасының көбін тұтынған абзал. Ал түстен кейін, әсіресе кешкі уақытта су ішуді азайтқан жөн. Жатарда көп су ішсеңіз, түнде бүйрекке салмақ түседі, ұйқы бұзылады.

Қимыл-қозғалыс

"Ұзақ өмір сүрудің тағы бір маңызды қағидасы – қимыл-қозғалыс, физикалық белсенділік. Яғни, күнде далада серуендеу, кардиожүктеме, күш жаттығулары. Физикалық белсенділік күніне 60 минуттан кем болмауға тиіс", - деді маман.

Айтуынша, әр адам денесі мен ағзасына байланысты қимыл-қозғалыстың түрін өзі таңдауы керек. Мысалы, кейбір адамдар үшін жаяу жүру – физикалық белсенділік болып саналса, енді бірі жүгіруді таңдайды.

Тіпті, лифтінің орнына жоғары қабатқа баспалдақпен көтерілудің өзі қимыл-қозғалысқа жатады. Үйде билеу, жеңіл жаттығулар жасау да – салауатты өмір салтын ұстанудың жолдары.

Ұйқы

Қартаю процесін баяулату және өмір сүру ұзақтығын ұлғайтудың тағы бір әдісі – дұрыс ұйқы.

"Ұйқы гормоны – мелатонин түнгі сағат он екіге дейін бөлінеді. Сол себепті ұйқыға ертерек жатқан дұрыс. Ұйықтар алдында бір-екі сағат бұрын теледидар мен телефонды сөндіріп, ұйқыға дайындалу керек. Күніне кемінде 7,5 сағат ұйықтау қажет. Ұйқыңыз қанғанда ғана жүйкесі жүйесі қалпына келіп, жаңа күнге дайындық жасалады", - деп түсіндірді Диана Шамгунова.

Ми жұмысы

Дәрігер қай жаста болмасын ақыл-ойды дамытып отыру адам денсаулығы үшін өте маңызды екеніне назар аударды.

"Тек бұлшық еттің ғана емес, мидың белсенділігі де үлкен рөл ойнайды. Ақыл-ой жүктемесін арттырып, миды жұмыс істетпесек болмайды. Жас ұлғайған сайын бүкіл процесс тежеле бастайды. Қарт адамдардың көшелерді шатастырып, ұмытшақ болатыны содан. Мұның алдын алу үшін миға арналған жаттығулар жасау керек", - дейді ол.

Мысалы, адамдармен араласу, жаңалық қарау, қиын немесе жеңіл есептер шығару, сөзжұмбақ шешу, тіл меңгеру, шахмат пен дойбы ойнау.

Маманның айтуынша, ақыл-ой жүктемесі когнитивті функциялардың нашарлауын бәсеңдетіп, қартаюды баяулатады.

Күйзеліс пен стресстен арылу

Адам ағзасы біртұтас жүйе болғандықтан, барлық процесс бір-бірімен өзара байланыста.

"Біз қуансақ та, күлсек те, жыласақ та, күйінсек те, ренжісек те, сигнал, ең алдымен, миға барады. Біз бәрін ми арқылы қабылдаймыз. Кейін ми оны қорытып, ағзаға гормондармен сигнал береді. Біз қуанғанда жақсы гормондар бөлінеді, бұл қан айналымын жақсартуға, жүрек жұмысын күшейтуге оң әсерін тигізеді. Ал керісінше, күйзеліске түссек, ашулансақ организмге теріс әсер етеді. Процесстер бәсеңдеп, күш-қуат азаяды, асқа тәбеті жоғалады. Сондықтан жаның сау болса, тәнің сау болады деп бекер айтпаған", - деп түйіндеді Шамгунова.