Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Павлодар облысында 2024 жылға дейін 12 аурухана салынады

Павлодар облысында 2021 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 триллион теңгеден асты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 60%.

Павлодар облысында 2024 жылға дейін 12 аурухана салынады
Сурет: ашық дереккөз

Осылайша Павлодар облысы шикізат емес өнеркәсіп өндірісі бойынша республикада үшінші орында тұр. Қазіргі кезде Павлодар облысының шикізат емес экспорты республика көлемінде әрбір сегізінші АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы 2025 жылға дейін 2 триллион теңгеден астам соммаға 186 инвестициялық жобаны іске асыру, өңірдің экспорттық әлеуетін тағы да 28%-ке арттыруға ықпал етеді деп жоспарланған. Өңірдегі өндіруші сектор машина жасау саласында, азық-түлік өнімдерін өндіру, химиялық өнеркәсіп және мұнай өндіру бойынша дамып келеді. Айта кетері, тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде Павлодар облысында мұнай-химиялық кластері қалыптасқан. Қазір өңірде бензиннің үштен бір бөлігі өндіріледі. Газ майы дизел отыны өндірісінің 40%-і осы өңірге тиесілі. Сондай-ақ облыста мұнай коксы өндіріледі. Машина жасау саласына келсек, Павлодар облысы ел бойынша көлік жасау саласының 73%-ін қамтып отыр.  Мысалы, 2024 жылы 54 мың құрсау, 27 мың түсті дөңгелектер, 20,5 мың ұсталық бұйымдар жасалады деп жоспарланған.

Палодар облысы ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді. Мысалы, 2021 жылы өңірдегі шаруалар отыз жылда алғаш рет бір миллион тоннадан асатын дәнді дақылды жинады. Қарақұмықтың өндірісінің республика бойынша тең жартысы Павлодар облысында өсірілді. Сәбіз республика бойынша үштен бір, картоптың 16%-і облысқа тиесілі.

Облыста суармалы егіншілік те қарқынды дамып жатыр. Облыста 335,9 мың гектарды құрап отыр.

Ет-сүт өндірісі, қайта өңдеу және басқа бағыттар да назарда. Мысалы, 2021 жылы ет өнімін экспорттау 40%-тен астам өсімді көрсетті. Сондай-ақ төрт мың мал басына арналған бес мал шаруашылығы нысаны іске қосылды. Қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірісі былтыр тоғыз айда 90 миллиард теңгеден асқан, бір жылда 31 нысан іске қосылды. Мұның бәрі Павлодар облысының өнеркәсіп кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттырып жатыр. Қазір субсидиялардың бюджеттің бір теңгесіне төрт теңге инвестиция келеді.

Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулерден кейін шағын және орта бизнес те дамып келеді. Бір жылда ШОБ өкілдерінің саны бір жарым мыңға артқан, ал тауар шығару бойынша 6 миллиардқа артқан. Бұған республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жүзеге асып жатқан бағдарламалардың пайдасы зор. Былтыр «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1524 жобаға қолдау көрсетілді. Оған 58,8 миллиард теңге жұмсалған. Мысалы, Павлодарда әйнек шығарушы мемлекеттік қолдаудың арқасында Еуропадан тауар алуға мүмкіндік алды, осылайша жаңа цехтің құрылысын бастады.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлерді қолдау мақсатында елдегі екінші деңгейлі банктермен бірге жұмыс істеп жатыр. 2020 жылы бизнесті жаңадан бастаған кәсіпкерлерге көмек көрсетілсе, 2021 жылы кәсіппен айналысатын әйелдерге көңіл бөлінген. Сонымен қатар шағын және орта бизнес өкілдері «Ертіс» бағдарламасы аясында алты бағыт бойынша көмек алып отыр.

Өңірді дамытудың бірден бір жолы – ауылдағы инфрақұрылымды дамыту. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының арқасында 2019 жылдан бастап Павлодар облысының 120 мыңға жуық тұрғыны немесе облыстағы барлық ауыл тұрғынының жартысы өмір сүру жағдайы жақсарып келеді. Бағдарлама аясында 169 әлеуметтік нысан бой көтерді және жөнделді. Сондай-ақ былтыр облыста он мектеп, төрт балабақша жөнделіп, дәрігерлік амбулатория салынды. 80 шақырымнан астам жолдарға орташа жөндеу жүргізілді.

Ауылдағы өмір сапасының басты көрсеткіші – таза ауыз суға қолжетімділік. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында тұр. Былтыр халықтың 97%-і ауыз сумен қамтылған. Жалпы алғанда бұл көрсеткіш кейінгі екі жылда жиырма процентке өсті, осылайша тағы 40 мың адам сумен қамтамасыз етілген. Облыс басшылығы бұл көрсеткіш 2024 жылы 100% болады деп жоспарлаған.

Қалалардың инфрақұрылымына да ерекше назар аударылған. Павлодар облысы республикада урбанизацияланған өңірлердің бірі, халықтың 70%-і Павлодар, Ақсу, Екібастұз қаласының тұрғындары. Былтыр 2025 жылға дейін Екібастұздағы жағдайды жақсарту бойынша жоба мақұлданды. Ол төрт бөліктен, жүзден астам шарадан тұрады. Олардың тоқсан проценті жекеменшік инвестиция есебінен жүзеге аспақ. Ал бюджет қаражаты инженерлік және әлеуметтік нысандар бойынша мәселелерді реттеуге жұмсалады. Оның ішінде 20 мектепті және мұз айдынын жаңғырту жұмыстары бар. Бұл – қала дамуының бір бөлігі ғана, жалпы алғанда жобада барлық сала қамтылмақ.

Екібастұзды дамыту, көркеутуге бағытталған 2021-2025 жылдарға кешенді жоспар бекітілді. Кешенді жоспар 114 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асыруға арналған инвестициялардың жалпы сомасы 932,8 миллиард теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен – 64,7 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 33,5 миллиард теңге, жеке инвестициялар – 834,6 миллиард  теңге.

Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемінің 22%-ға, шағын және орта бизнестің өнім шығаруда 38,2%-ға өседі деп жоспарланған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылға қарай бес есеге ұлғаяды деп болжанды. 16,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, орташа айлық жалақы 321 мың теңгеге дейін өседі. Шамамен 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Қала экономикасын дамыту үшін жоспарда жалпы сомасы 822,3 миллиард теңгеге өнеркәсіпті, агроөнеркәсіпті, энергетика, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 35 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Үкімет Екібастұзда өнеркәсіпте 400 гектар индустриялық аймақ құру, ферроқорытпалар, техникалық кремний, металлургиялық көмір электродтары, темір жол үшін соғылған бұйымдар шығаратын зауыттар салу жоспарлап отыр. Көмір өндірудің авто конвейерлік технологиясына көшу де жоспарланғна. Агроөнеркәсіпте жылыжайлар алаңы 30 гектардан 60 гектарға дейін кеңейтіледі, нан-тоқаш және макарон өнімдерін шығаратын кешендер, 2 бордақылау алаңы салынады, сондай-ақ суармалы жерлер 10 мың гектарға ұлғайтылады.

Облыстағы Ақсу қаласы 2021 жылы 60 жылдығы тойлады. Бұл кішкентай қала елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін үлкен істер атқарып келеді. Металургтер мен энергетиктер жылына 1 миллиардан тоннадан астам ферроқорытпа өндіреді және республикадағы барлық электр энергиясының 17%-і де осы қалаға тиесілі.

Ақсудағы тұрғын үй инфрақұрылымына келер болсақ, қазір қалада 28 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін 16 пәтер қарастырылған. «Замануи мектеп» бағдарламасы аясында екі мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ 2022 жлы мұз сарайының құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Павлодарда былтыр облыстық аурухананың жанынан инфекциялық ауруларды емдейтін бөлімше пайдалануға берілді. Павлодар облысы бойынша инфекциялық төсек-орын саны пандемия алдындағы жағдаймен салыстырғанда 2,4 есе артқан. Денсаулық сақтау саласында басқа да жұмыстар атқарылып келеді. Мысалы, Павлодарда ашылған жаңа шағын ауданда көпсалалы аурухана салу жоспарланған. Сондай-ақ өңірде тағы 3 медициналық мекеме бой көтереді. 2024 жылға дейін 12 денсаулық сақтау объектісі пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде медициналық көмек облыстың 90% тұрғыны үшін қолжетімді болмақ.

Сондай-ақ өңірге медицина мамандарын тарту, оларды жұмыспен қамту бойынша да жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мысалы, 2021 жылы облысқа жұмысқа барған 85 медицина қызметкеріне 41 миллионнан астам теңге бастапқы көмек ретінде берілген. 52 маманға 200 миллионнан астам теңгеге бюджеттік кредит берілді.

Сондай-ақ Павлодарда медицина қызметкерлеріне арнап жатақхана салу жоспарланған.  Олардың арасында медицина колледжерінің студенттері де қамтылады. Жатақханада барлығы 400 орын болады.

Ауылға баратын мектеп мұғалімдері үшін тұрғын үй алуға сертефикат беру де қарастырылған. Былтырдан бастап облыста мұғалімдерге арнап «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» медалі беріледі. Қазірге дейін оны 59 мұғалім алды. Бұл төсбелгінің жанында 3 миллион теңге қаржылай сыйақы бар.

Екі жыл ішінде облыстағы білім беру саласын қаржыландыру екі есе өскен, соның ішінде нысандарды техникалық қамту 12%-ке артқан.