Қазақстанда Ashyq жүйесін пайдалану талабының алынуы елдегі вакциналау қарқынына әсер етуі мүмкін. Карантиндік шектеу шараларының алынуына қатысты медицина докторы Ботагөз Каукенова пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшының айтуынша, Үкіметтің карантин шараларын жеңілдетіп, шектеу шараларын алып тастауы пандемияның аяқталғанын білдірмейді.
Пандемия бітті деп айтуға әлі ерте. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірге ондай мәлімдеме жасаған жоқ. Коронавирусты жеңген әлі бірде-бір мемлекет жоқ. Шектеу шараларының алынуы жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін деген пікір бар. Алайда мұны болжау қиын, оған уақыт қажет, - деді Ботагөз Каукенова.
Маман Қазақстанда вирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасты деп айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
«Бізде вакциналау көрсеткіші өте төмен. Тіпті, ресми статистиканы қарап отырсақ, көп адам екпе алмаған. Ал алғандардың арасында шын мәнінде қанша адам вакцина салдырғанын біз білмейміз, өйткені вакциналау паспорты сатылғаны белгілі. Олардың арасында паспортты сатып алғандары болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанда нақты қанша адам вакцина алғанын білмегендіктен, ұжымдық иммунитет қалыптасты деп айту қиын», - деп қосты дәрігер.
Алайда, сарапшы пандемия басталғалы екі жыл ішінде қазақстандықтар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренгенін айтты.
«Пандемия басталғалы Қазақстан медицинасына көңіл бөліне бастады, ондағы әр қадам қоғам назарында болды. Меніңше, адамдар денсаулығына көбірек назар аудара бастады. Иә, бастапқыда қиындықтар болды. Тіпті, емдеу протоколы болмады. Алайда қазір індеттің қалай өзгеретінін көреміз. Екі жыл бұрынғы белгілер қандай еді? Қазір омикрон штамы ересек адамдарда оңай жұғады. Бұл бүкіл әлемдегі медицина үшін үлкен сынақ болуы мүмкін. Қазір біздің медицина жақсы жұмыс істейді. Кем дегенде, медициналық тәжірибе жақсы жаңартылады, халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді», - деп толықтырды маман.
Өткен аптада Қазақстан үкіметі елдегі карантиндік шектеу шараларын жеңілдетті. Атап айтқанда, қоғамдық орындардағы Ashyq жүйесін пайдалану мен маска тағу талабы алынды. Дәрігердің ойынша Ashyq жүйесінің алынуы індеттің қатты тарауына әсер етпейді. Алайда ревакцинация процесін тежеуі мүмкін.
«Бұл статистикаға қатты әсер етеді деп ойламаймын. Өйткені адамдар Ashyq қосымшасы мен вакцинациялауға қатысты түрлі айла ойлап тапты. Мейрамхана мен дәмханалар бұл жүйеге көз жұма қарады. Халықтың сауда орталықтарында маска тағуды доғарғанына көп болды. Мойындау керек, адамдар бұдан шаршады және бұл қисынды шешім шығар. Алайда, бұл ревакцинация қарқынына қалай әсер етеді? Көп адам үшін Ashyq бір нысанға кіруге мүмкіндік беретін, сәйкесінше қайтадан вакцина алуға итермелейтін факторлардың бірі болды. Енді аталған жүйе алынған соң ревакцинация қарқыны қалай болады екен. Адамдарды вакцина алуға қалай ынталандыратынын білмеймін», - деп түйіндеді сөзін Ботагөз Каукенова.