Прямая трансляция

Астана

Астана

-19.03°C

Қарин мен Сейсембайдың қайсысы қазақтың Саакашвилиі бола алады?

Әлгі америкалық телехикаяның бас кейіпкері мен саясаттың "жілігін шағып, майын ішкен" Ерекеңнің біраз "қылығы" ұқсас. Ал Марғұлан Сейсембай көрші елдердің көшбасшыларымен бірге шәй-пәй ішкенмен, өз елінде "дұшпаны" көп...

Қарин мен Сейсембайдың қайсысы қазақтың Саакашвилиі бола алады?
фото: google.kz

Біздің қазақта қазір билік шарттарын ұстанып және билік "қарттарымен" ұстасып жүрген екі жігіт бар. Оның біріншісі – Ерлан Қарин, екіншісі – Марғұлан Сейсембай. Екеуі де қораш көрінбейді. Бірі білдей бір саясаттанушы болса, екіншісі – тісқаққан экономист. Ал осы бір қоғамдағы саяси салмағы итжығыс түсіп жатқан екі "алыптың" қайсысы қазақтың Саакашвилиі бола алады?

Мысалы, Марғұлан Сейсембай таяуда әлеуметтік желілерге сол Саакашвилимен бірге Украинаның жас президенті Владимир Зеленскийдің жұмыс кеңсесінде шәй ішіп отырған суретін жариялады. Бұл ретте, гүржі елінің экс-басшысымен кекс жеп отырып ортақ тіл табысқан қазақтың кәсіпкері де осал емес-ау?!. Ал сайқымазақтар көшбасшылығы мен саяси қайраткерліктің арасы бір-ақ саты екенін дәлелдеген украиндық жас пері бұл елінен безген ерлерді неге төріне оздырып, шәй құйып беріп отыр? Гәп сонда! Сол себепті де біз Ерлан Қарин мен Марғұлан Сейсембайдың қайсысы қазақтың Саакашвилиі бола алады деп отырмыз. Қазір соның қасында жүргені ме, әлде, жан-жағын өз еліндегі президенттің қанатының астынан барлап отырғаны ма?..

Жә, енді Ерлан Қаринге келейік... Америкалық "Карточный домик" деген телехикаяны көрген боларсыздар? Көрмегендер үшін қысқаша мағынасын айта кетсек, сондағы бас кейіпкер Фрэнк Андервуд бастан-аяқ тек интригамен айналысады. Сөйтіп жүріп, соңында президент болып кетеді. Яғни, АҚШ-тың 46-президенті. Ал қазақты 30 жыл бойы менің "мәңгілік президентім" басқарғанын білесіздер. Енді Тоқаевтан кейінгі үшінші болу мүмкіндігі осы Ерлан Қаринге жобаланып тұрған жоқ па екен, қалай ойлайсыздар?..

Себебі, әлгі америкалық телехикаяның бас кейіпкері мен саясаттың "жілігін шағып, майын ішкен" Ерекеңнің біраз "қылығы" ұқсас. Марғұлан Сейсембай көрші елдердің көшбасшыларымен бірге шәй-пәй ішкенмен, өз елінде "дұшпаны" көп. Біздегі "Фрэнктер" одан өздерінің болашақ бәсекелес бейнесін көріп, бүркіттің көлеңкесінен жалтарған түлкіше, арттарына бірнеше "із тастауы" мүмкін. Оған қарсы топырлатып айналасын айдап салудан тартынбайды-ау дегеніміз ғой. Өйткені, Мұхтар Тайжанның соңғы шабуылдары тегін болмаса керек. Егер Мұхаң сөйтіп Марғұланды сынап-мінеуге өз еркімен кіріскен болса, биліктегі біреу-міреу оларға араша түсуі керек еді. Бірақ, ешкім мәу демеді. Тек Марғұланның өзі әлеуметтік желі арқылы: "Неге сенің тура қазір маған бас салғаныңды түсінбедім. Әдеттегідей хайп жасап, менің есебімнен өз абыройыңды көтеріп, өзіңнің "саяси бәсекелесіңнің" көзін құртқың келді ме, әлде, бұрынғы әдет бойынша сені тағы сатып алды ма?" - деген базынасын айтты. Демек, елімізде Марғұланды мұқатып алатын есепшіл Фрэнктің еселенген "қазақы көшірмесі" аз емес сияқты.

Осы орайда, Фрэнк Андервуд оған Ерлан Қариннің биографиясы да, географиясы да ұқсап кеткен соң еске түсті. Мысалы, ол Оңтүстік Каролинада, Қарин бұрынғы Оңтүстік Қазақстанда дүниеге келген. Фрэнк Демократиялық партияның ұйымдастырушысы, ал Ерлан "Нұр Отан" партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы болды. Кезінде ол да "халықтық демократиялық партия" деген атқа ие-тұғын. Жалпы, Андервудқа Оңтүстік Каролинадағы қара нәсілділердің өмір сүру салты қалай әсер еткенін қайдам, әйтеуір, "Фрэнктік фишкалар" Қарин туып-өскен Оңтүстік Қазақстандағы "ала шапанды ағайынның" табиғатынан алыс емес...

Не десек те, Марғұлан ақша санау білгенмен, Ерлан сияқты саяси ұпай санау жағынан шорқақтау, ә?..

Ерік ЕЛЕУСІЗ