Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Ең төменгі жалақыны 300 мың қылу керек деген – жастық албырттықпен айтылған пікір» – экс-сенатор

Экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы Adal ADAM Youtube арнасына берген сұхбатында қазіргі кезеңде елімізде ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы мүмкін емес деп есептейді.

«Ең төменгі жалақыны 300 мың қылу керек деген – жастық албырттықпен айтылған пікір» – экс-сенатор
Фото: Paryz.kz

«Парламенттегі орнымызды басқан депутаттардың көбі жастар. Жастар квотасы да бар. Бірақ жас шамамен шектемеу керек. Парламентте профессионалдар отыру керек. Жастың аты жас қой, ол албырттықпен «өйту керек», «бүйту керек» деп айтып жібереді. Ал өмірде оңай емес қой. Мысалы, Мәжілісте бір депутат ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге дейін көтеру керек деді. Қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Мемлекеттік мекемелердегі еден жуушы сияқты жұмысшылардың жалақысын 300 мың теңгеге көтерді делік, олардың саны 500 мыңдай болуы мүмкін. Ал қалған 4-5 млн адам шағын және орта бизнесте істейді ғой. Олар кәсіпкерге айтады, мемлекеттік мекемелерде жалақыны 300 мың қылды, сен де біздікін көтер дейді. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнестің бәрі банкротқа кетеді. Ал әлгі депутат реалды ахуалды білмей отыр. Ең төменгі жалақыны 300 мың қылу – абсурд, қазіргі кезеңде мүлде болмайды. Былайша айтқанда, ол депутат қарапайым халықтың көңілін табуға тырысты, алғысын алды, бар болғаны көз алдау ғана. Бірақ оның ұсынысы дұрыс емес екенін бәрі біліп отыр», - деді экс-сенатор

Айта кетейік, былтыр Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «елдегі ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек» деген болатын.