Прямая трансляция

Астана

Астана

-15.03°C

Тіл тақырыбын қайта қоздату науқан кезінде халықты алдаусырату емес пе? (ВИДЕО)

Намыстан жұрдай болмаса, өз жерінде өз абыройын айрандай төгіп, қазаққа орысты қарсы салып қоя ма?! Оның да басы екеу емес шығар, желкесінен Путин қарап тұрғанда, бәріміз қазақша сөйлейік деп дауыс көтере алатындай?!

Тіл тақырыбын қайта қоздату науқан кезінде халықты алдаусырату емес пе? (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Біздің биліктің әрбір саяси науқан қарсаңында кішкентай баланың тірлігін жасайтын әдеті бар және оны өздері ұят санамайды. Міне, енді биыл да 16 желтоқсан мен депутаттар сайлауы жақындаған сәтте қарапайым бұқараның ортасына әбден жауыр болған тіл тақырыбы түсті. Бұл жоғары жақтан берілген пәрмен емес дегенге сенудің өзі қиын. Сөйткен жағдайда да "өрелерінің жеткен жері сол ғой" деп қоя салуға болушы еді, бірақ, соны тобырлық пиғылдағы кейбіреулер кәдімгідей "талқылап" әлек.

Атап айтқанда, гендерлік саясаттың рахатын көріп отырған белсенді әйелдердің бірі Оразгүл Асанғазықызы дастархан басында отырып алып, қасындағы бессандырақ адамға қазақ тілі туралы "ескі пластинкасын" қайта қосып, желілерде "хит" болып жатыр. Оны әлгі аңғалдығы сүйегіне сіңген қазақтар бірінен бірі іліп алып, әлеуметке "тың жаңалық" ретінде сүйіншілеуде.

Оны қойшы, Мұхтар Шаханов, Қазыбек Иса, Оразгүл Асанғазықызы деген кісілердің тіл тақырыбын "көзір" етіп ұстап алып, жұртты жалықтырып жүргені – әншейін бергі жағы екен. Қазір мінберде орысша баяндама жасап тұрған бір мәңгүртке орыс журналистің "ана тіліңде сөйле" деп ұрсып тұрғаны пайда болды. Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша түсіріліпті-міс. Ол да Оразгүл апамыздың ролигімен қатар, бір аптаның ішінде "айналымға" түсті.

Сорақысы да сол, жоғарыда аталған үш қазақты алға сала бермей, енді бұл лас ойынға өзге ұлт өкілдерін тарта бастаған сыңайлы. Намыстан жұрдай болмаса, өз жерінде өз абыройын айрандай төгіп, қазаққа орысты қарсы салып қоя ма?! Оның да басы екеу емес шығар, желкесінен Путин қарап тұрғанда, бәріміз қазақша сөйлейік деп дауыс көтере алатындай?! Осы орайда, басқа біреудің қырғызға қырғызша, өзбекке өзбекше, тәжікке тәжікше сөйле деп шіреніп тұрғанын көрсеткен бір видео бар ма, осы?! Кім көрді ондайды?.. Бұл ретте, алыс елдерді әдейі мысал етпей отырмыз, ар-намыс дегенді көршілерімізден үйреніп алсақ та жетер деп. Демек, бүгінде бізді әркім басына алатын болып тұр.

Ал, сол мәңгүрттерге айта ғой, мемлекеттік тілді меңгер деп! Бірақ, өзі түсінетін тілде! Әйтпесе, "Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін" деген елбасының баланың ұраны сияқты сәтсіз шыққан сөзін күнде қақсап, қазақтілді ортада қазақша сайрай бергеннің не пайдасы бар?! Онсыз да сөйлеп жүрміз ғой. Енді оны тікелей Тоқаев бастаған билік өкілдерінен талап етсеңдерші! Орыстілді БАҚ-тың бәріне сол тілде жазыңдар, "30 жылда бір үйренетін кездерің болды ғой" деп. Арзан ұпай үшін тіл деген қымбат байлығымызды тулақша сүйретпей!

Тұрсын ЖАМАНТАЙ