Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Сонда Тоқаев қызметінен кетсе, "жұмыс берушісін" сынауы керек пе?

...Мәселен, президенттік лауазымынан Тоқаев босап қалса, ол да ертең осылай өзінің "жұмыс берушісін" сынап отыра ма, "мен сөйтер едім, ол бүйткізді" деп? Мүмкін, ғайыптан-тайып әлгі Әкежан Қажыгелдин, Нұрлан Балғынбаев, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаевтар сияқты "оппозиционер" болып кетер? Ойбай-ау, сонда қазір қызметте айналасындағы "отты өшіруге" қауқарсыз болса, одан кеткен соң, сол оттың күлі ретінде оңашада бұрқылдап отырғанның несі сән? Одан елге не пайда?!.

Сонда Тоқаев қызметінен кетсе, "жұмыс берушісін" сынауы керек пе?
фото: elbasy.kz

Қазір қазақтың жігіттері қызметте құлша қимылдап, басшылықтың "айтқанына көніп, айдағанына жүріп" жаман үйренген. Айлығынан шайлығын айырып отырғандықтан, халықтың үнін "естімей", көпшілік талабымен санаспай, әбеуқоңыр тірлік кешіп жүре береді. Ал қызметінен босап қалғанда, одан "періште" адам жоқ. "Мен сөйтер едім, бүйтер едім, әттең, жұмыс істетпеді ғой, бәріне жоғары жақ кінәлі" деп байбалам салып, өзі ғана "сүттен ақ, судан таза бола" қалады.

Алысқа бармай-ақ, мысалға "Қазақстан" ұлттық телеарнасынан кеткен Ербол Мәндібек бауырымызды алайық. Арнаның қазіргі қызметкері Айдос Жұқанұлының айтуынша, "ел мінбеген ұшаққа отырып, елбасының қасында жүрген, сол қызмет арқылы жағдайын жасап алғанша мекеме ішіндегі кем-кетік туралы ләм-мим демеген" әріптесіміз ол жұмысына "күні қарап қалмаған" сәтте "шыншыл", "халықшыл" болып шыға келді.

Сол сияқты, тағы бір журналист Талғат Махан карантин кезінде Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымынан босап қалып еді, ендігі ісі өңір әкімдігінің өкілдерін сынап-мінеу сияқты болып кеткен. Сенбесеңіз, оның Facebook-тегі парақшасына кіріп, жазбаларымен танысып көріңіз...

"Елегзіп жүріп елеске,

Көктем, жаз өтіп, күз келді.

Тендер мен гендер егесте,

Елі іші майдай бүлінді", - дейді жұмыссыздығы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға қарсы шабыт сыйлаған Тәкең.

Одан кейін "Жол сапар жазбалары..." деген тақырыппен көлдей-көлдей посттар жазып әуре. "Сыр елінен мен кеткенде туған бала шалқасынан жатса, бауырына аунап түсіп, еңбектеуге ұмтылып жүр. Ал облыстың билігіне келген Гүлшара Әбдіқалықова апайдың тобы жатқан күйі қозғалар емес. Барды қолдан сусытып, жоқты іздеуге қабілетсіз екендіктерін көрсетті. Облыстың бас ғимараты интриганың ошағына, әкім апай интриганттардың қосағына айналып кеткен сияқты. Тегіс жерде сүрініп, жаймашуақ күнде жаға жыртысып жүрген орынбасары Серік Ахмет пен аппарат басшысы Ерлан Райғаниевтың берекесіз тірліктері Гүлшара Әбдіхалықованың беделін жұрдай қылатын түрі бар", - деп көсілген сол жазбаларының бірінде.

Осы базынасын ол жұмыс барысында неге айта алмады? Әлде, "интриганттар" Талғат Маханнан "айылын жиып" жүріп, ол қызметтен босаған кезде бір-ақ шыға бастаған ба? Жо-о-оқ, олай емес, айтылған мәселе өршіп тұрғанда сол Талхат Маханыңыз облыстың білдей бір ішкі саясат басқармасының "құлағын ұстап тұрған" болатұғын! "Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап!" дегендей, енді мынасы не гөй-гөй?!

"Жаңақорғандық Сандуғаш Тұрлыбекова деген азаматша ауданға жұмыс сапарымен келген Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алдынан шығып, ренішін айтқан бейнекөрінісі әлемжеліде көп қаралған (аз уақытта) және көп талқыланған тақырып болды. Өңірдің ерекшелігі мен халықтың тұрмыс-тіршілігін түсінбейтін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет пен аппарат жұмысының қыр-сырын бажайлай алмайтын соның басшысы Ерлан Райғаниевтың орашолақтығының жемісі", - дейді одан әрі.

Ойпырым-ай, қалай-қалай көсіледі, сабазың?! Бұл ретте, аты аталған әріптестерімен қатар басшылық лауазымның бірінде отырған, "тем более" ішкі саясатты басқарып отырған өзі неге сол Сандуғашша сайрамады екен? Енді келіп, шенеунікке тән шикіліктері үшін мың жерден өзін ақтап, жұртты даттаса да, абыройы асқақтап кетпейді ғой. Бізге Қызылорда облысы шенеуніктерінің ішінара не бүлдіріп отырғандарының құны – көк тиын! Араша түсіп отырған жоқпыз. Тек экс-қызметкерлерінің көздерінше күмілжіп, кеңсенің сыртынан жұдырық түйіп отырғанының ерсі екенін меңзедік.

Мәселен, президенттік лауазымынан Тоқаев босап қалса, ол да ертең осылай өзінің "жұмыс берушісін" сынап отыра ма, "мен сөйтер едім, ол бүйткізді" деп? Мүмкін, ғайыптан-тайып әлгі Әкежан Қажыгелдин, Нұрлан Балғынбаев, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаевтар сияқты "оппозиционер" болып кетер? Ойбай-ау, сонда қазір қызметте айналасындағы "отты өшіруге" қауқарсыз болса, одан кеткен соң, сол оттың күлі ретінде оңашада бұрқылдап отырғанның несі сән? Одан елге не пайда?! Онсыз да көзбояушылықтарынан "мелдек атып" отырмыз ғой!

Өзіндік принциптері жоқ па осылардың?! Кәмпитін тартып алғанда елді басына көшіріп жылайтын бала сияқты, кейін анау-мынау деп "боғын боталы түйедей" қылғаннан ұлт алдындағы ұпайы түгенделе қалмайтыны анық енді. Соны ұғатын деңгейге жете алмаса, мемлекеттік қызметте не бітіріп жүр десеңші...

Тұрсын ЖАМАНТАЙ