Продюсер Мөлдір Мұқанова сұхбат беріп, шығармашылығы мен отбасы жайлы айтты, деп жазды Paryz.kz.
Ол өнерлі отбасынан шыққанын, бүгінде ән айтып, шығармашылыққа бет бұрғанын жеткізді.
Сонымен қатар кезінде «Әзіл әлемі» театрын құруға ұсыныс жасағынан да жасырмады. «Адамның өмірі мінсіз бола бермейді. Жеке өміріңді жайып салу да дұрыс емес. Жеке өмірді айтқан сайын көрермен білгісі келе береді екен. Бұрмалап алатындар болады. Өнерге деген махаббатым бөлек. Өнерлі отбасынан шықтым. Өнер адамына тұрмысқа шықтым, өнер адамына қолымнан келген дүниенің бәрін жасауға тырыстым. Қанмен келген өнерді сол азамат арқылы шығарған болармын. Ойыма келген идеяны ұсынатынмын. «Әзіл әлемі» театрының да идеясы менікі болатын. Бірақ атын мен қоймадым. Халық жылда күтетін дүние болса дедім. Содан кейін идеяны дамытып, жігіттерді жинады. Ол жақсы адам. Сахнада менің жақсы қырларымды да айтып жүрді», - дейді ол Stan.kz-ке берген сұхбатында.
Мөлдір Мұқанова әйелдерге кеңес берді. Айтуынша, адам өзінің арманына жетуге барынша тырысып, қолынан келгенін жасауы керек.
«Жолдасымды қолдап, соған риза болып жүре беріппін. Бір күні күй тартып әлеуметтік желіге салдым. Ішімде бәрі қайнап тұр. Бір кездері Тұрсынбек «ән айта алмайсың» деген. Мүмкін, содан басылып қалдым ба екен. Телеарнада жүргізуші болғым келді. Тұрсынбекке көмектесші дедім. Анық сөйлеп, дайындалып үйренуің керек дегендей. Ол «қолыңнан келмейді» деді. Өзімде аздап комплекс бар, «өнерді оқымадым» деген. Ән айта бастап едім, мұрнын тыржитып, айтпашы деді. Содан басылып қалдым. Біз, әйелдер өзімізді кейінгі орынға қойып жатамыз. Алайда өзіңнің арманың, қызығушылығың үшін әрекет ету керек екен, қай жаста болсаңыз да», - дейді продюсер.
Ол көрерменнің Тұрсынбек Қабатовтың өнеріне деген ыстық ықыласы туралы айтты.
«Тұрсынбек жақсы адам. Халықтың алдында жүр. Біздің арамыз туралы қандай да бір әңгіме естіп қалып жатсаңыздар, Тұрсынбекті жек көріп кетпеңіздер. Құрбыларыма, туыстарыма, маған жазып жататын оқырмандарға солай айтамын. Бұрын қалай жақсы көрсеңіз, сол махаббатты сақтап қалыңыз. Тұрсынбекті жамандамаймын, қанша дегенмен жиырма жыл отастық. Жақын адамдармыз ғой», - дейді продюсер.