Әзербайжанда Ругия Везирова есімді тұрғын өзінің жас ғашығын өлтірді. Оқиғадан кейін әйел полицияға өз еркімен берілген, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Oxu.Az сайтының мәліметінше Ругия Везирова (аты-жөні өзгертілді) бірнеше жыл тұрмыста болған, бірақ сәби сүйе алмай, ажырасып кеткен. Осыдан кейін ол жеке кәсібін ашып, жалғыз өмір сүре бастайды.
Көп ұзамай Везирова Габиб Гасаноғлымен әлеуметтік желі арқылы танысып, олардың арасында сезім пайда болады.
Бір күні ғашықтар мейрамханада ішімдік ішіп, би билейді. Осыдан кейін неке сарайының жанынан өтіп бара жатқанда әйел жігітіне некеге тұруды ұсынады.
Алайда ер адам бұған дайын еместігін айтып, бас тартқан. Везирова қатты көңілі қалғанына қарамастан, эмоциясын жасыруға тырысқан. Бірнеше күннен кейін олар әйелдің пәтерінде тағы кездескен.
Әңгіме барысында Везирова ғашығына ренішін жеткізіп, ар-намысына кір келтіргенін айтқан. Бұған жігіт: «Үйленгім келмейді, маған тыныштық бер», – деп жауап берген. Ашуға булыққан әйел ас үйдегі пышақты алып, оған бірнеше рет пышақ сұққан.
Қазір күдікті сот алдында жауап беруге дайындалып жатыр.