Прямая трансляция

Астана

Астана

22°C

Қазақстандық шабандоздар 300 шақырымдық халықаралық жорықта жеңімпаз атанды

Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы 300 шақырымдық халықаралық жорықта жеңімпаз атанды, деп хабарлайды paryz.kz.

Қазақстандық шабандоздар 300 шақырымдық халықаралық жорықта жеңімпаз атанды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ұлттық құрама ат спортының ұзақ қашықтықтағы марафонында мәреге бірінші болып жетіп, Қазақстан қоржынына кезекті алтын медальді салды.

Екінші орын алған командадан қазақстандықтар шамамен екі сағатқа озып келген. Айта кетейік, бұл додаға Қырғызстаннан жеті команда қатысты. 300 шақырымдық марафонның негізінде Қазақстанда ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесінің тәжірибесі жатыр.

Аталған жоба 2022 жылы Астанадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымдық жорықтан басталған.

«Ұлы дала жорығы» арқылы қазақ жылқысының төзімділігін таныту, ұзақ қашықтыққа шабатын ат спортының мәдениетін дамыту және Ұлы даланың жылқы мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау көзделген.

Қазақстан құрамасының бұл жеңісі атбегілердің, шабандоздардың, бапкерлер мен ветеринарлардың бірлескен еңбегінің нәтижесі болды.

Осылайша, қазақ жылқысының төзімділігі мен қазақстандық шабандоздардың шеберлігі халықаралық додада тағы бір мәрте дәлелденді.

Шабандоздар мен тұлпарлар 300 шақырымдық қашықтықты 4 күн ішінде еңсеріп, мәреге бірінші болып жетті.

1-орын — Қазақстан 

2-орын — Қырғызстан

 3-орын — Қырғызстан

Қазақстан құрамасының жеңімпаздар құрамы:

▫️ Ержан Ернар

▫️ Төлебай Жарас

▫️ Ыдырыс Жақсылық

▫️ Реимбай Қанат

▫️ Есен Ахмет