Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев англиялық "Бернли" сапындағы алғашқы жеке жүлдесін иеленді, деп хабарлайды paryz.kz.
Чемпионшиптің төртінші турында "Бернли" өз алаңында "Мидлсбромен" тең түсті (1:1). Осылайша команда үш ойынға созылған жеңілістер сериясын тоқтатты. Сәтпаев "Бернли" сапында үшінші рет қатарынан негізгі құрамда шықты.
Ол 81-минутта алмастырылды. 18 жастағы шабуылшы алаңда болған уақытта қақпаға екі рет дәл соққы жасап, пастардың дәлдігін 94 пайызға жеткізді.
Қазақстандық ойыншы ресми түрде матчтың үздік ойыншысы деп танылды. Оған арнайы жүлде табысталды, бұл туралы "Бернли" баспасөз қызметі жеке жарияланым арқылы хабарлады.
Төрт турдан кейін екі ұпай жинаған "Бернли" ағылшын футболының екінші дивизионында 23-орында, яғни турнир кестесінің соңында тұр.