Фатима Сұпығалиева кадеттер арасындағы әлем біріншілігінде топ жарып, дзюдодан ел тарихында қыздар арасында алтын медаль алған алғашқы спортшы атанды, деп хабарлайды paryz.kz.
Эквадорда дзюдодан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына екінші алтын медальді Фатима Сұпығалиева салды.
Қыздар арасында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 16 жастағы қазақ дзюдошысы финалда украиналық Ксения Кирильчуктан басым түсті.
Белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, жеңімпаз қосымша уақытта (golden score) анықталды. Шешуші сәтте Фатима ұтымды әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді.
Осылайша, Фатима Сұпығалиева Қазақстан дзюдо тарихында қыздар арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.