Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың бесінші қызы Рәбия-Сұлтанның тұсаукесері өтті. Бүлдіршіннің тұсауын журналист Динара Сәтжан кесіп, бұл рәсімге қатысты өз әсерін бөлісті, деп хабарлайды paryz.kz.
Бұл туралы Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Тұсау кесу рәсімі Тоқ ішек - тоқшылықтың, молшылықтың нышаны. Халқымыз «тоқ болсын» деп тілеген. Бұл - береке мен тыныш өмірдің белгісі. Жасыл шөп өмірдің өзі. Өсім, жаңару, үміт... Әр көктем сайын тіршілік қайта түлейді. Ала жіп - адалдықтың белгісі. Дәстүр бойынша қызымызды жалаң аяқ жерге тұрғыздық. Табанымен көкті басып, жер қуатын алып, жылуын сезіп, тіршілікті жалғасын. Әр қадамың жер анаға аманат! Бұл сенің тағдырыңның бастауы», – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.
Бүлдіршіннің тұсауын журналист Динара Сәтжан кесті. Ол өз парақшасында бұл ұсынысты үлкен жауапкершілік әрі құрмет деп қабылдағанын айтты.
«Осыдан бірнеше ай бұрын Жұлдыз менен Рәбия-Сұлтанның тұсауын кесуімді өтінген еді. Бұл мен үшін әдемі дәстүр ғана емес, абырой, сенім деп қабылдадым», – деп жазды Динара Сәтжан.
Журналист Рәбия-Сұлтанның Нұртас әулетіне қуаныш пен жылылық алып келгенін атап өтті. Сондай-ақ Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың балаларын тәрбиелеудегі еңбегіне тоқталды.
«Қайрат пен Жұлдыздың балалары көз алдымызда өсіп келеді. Барлығы өнерлі, тәрбиелі, білімді. Мұның артында ата-ананың ғана емес, бүкіл жеті атаның қаны мен жаны тұр. Ата-әженің көрегендігі мен құндылығы балаларға да мирас болып жалғаса бермек», – деді ол.
Динара Сәтжан Жұлдыз Әбдікәрімова туралы да жылы пікір білдіріп, оның қыздарына Рәбия-Сұлтан есімін қою себебін бұрын берген сұхбатында айтқанын еске алды.
Тұсаукесерден кейін желі қолданушылары кішкентай Рәбия-Сұлтанға ақ тілектерін жаудырды.
Алайда рәсімде тұсауды кім кескеніне қатысты түрлі пікір де айтылды. Кейбір оқырман бұл дәстүрді аға буын өкілдері, атап айтқанда әже немесе ене атқарғаны жөн деген пікір білдірді.