Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Айтқандары сәйкеспейді ": Сарбаздың өлім себебі неге жұмбақ болып отыр?

"Андас батыр" шекара заставасында жоғалып, 40 шақты күннен кейін көрші ел аумағында асылып тұрған жерінен табылған Ұлықбек Бердішовтың жақындары тергеуге күмән келтіре бастады. Марқұмның ата-анасы 19 жастағы сарбаз өз-өзіне қол салды дегенге мүлдем сенбейді, деп хабарлайды Paryz.kzЭкспресс К.-ға сілтеме жасап. 

"Айтқандары сәйкеспейді ": Сарбаздың өлім себебі неге жұмбақ болып отыр?
Сурет: Экспресс К

Туыстары Ұлықбекті адам қолынан қаза тапқан деп ойлайды. Тараз қаласында мәйітке сараптама жасалғаннан кейін жауынгердің жақындарының күдігі көбейген. Марқұмның анасы Орынкүл Мерекованың айтуынша, сараптама орталығындағылар Ұлықбек 40 күн бұрын емес, жақын арада қайтыс болуы мүмкін деп болжапты .

Бұл әрі кетсе, бір апта бұрын қайтыс болған деді сондағы мамандар. Өйткені кескен сәтте денесі әлі қатты болған. 40 күн бұрын көз жұмса, оған дейін ет пен сүйек ажырап кетеді. Сонда көпке дейін дейін тірі болса, қайда жүрген? Біреулер ұстап отырған,

— дейді Орынкүл Мерекова.

Ұлықбек жоғалып кетті дегеннен-ақ туыстары алып ұшып шекара заставасына жеткен еді. Сол уақытта да ондағы әскери қызметкерлердің айтқандары бір-біріне сәйкеспейді дейді марқұмның жақындары.

2 наурыз күні түскі уақытта командир хабарласты. Ол кезде баланың жоғалағанын айтпады. Бірер сағаттан соң қайта қоңырау шалып, балаңыз жоғалып кетті деді. Бұл қалай? Кейін Ұлықбектің мәйіті табылған жерді тінтейік дегенде де рұқсат бермеді,

— дейді Ұлықбектің ағасы Бауыржан.

Бауыржанның айтуынша шекарашылар бастапқыда Қырғызстанның аумағын тексере алмаймыз деген. Кейін ол аумаққа кіріп, Ұлықбекті іздеуге мүмкіндік берген. Бірақ дәл мәйіттің табылған жеріне жібермепті.

Тағы бір күмәнді жері киімін қойшы тауып алған. Сол жерден 100 метрдей қашықтан мәйіт табылды. Денесі жартасқа ілініп, анық көрініп тұр. Күнде сол жерде қой бағып жүрген қойшы оны қалай байқамаған?

— дейді Бауыржан Мереков.

Осындай күмәнді жағдайлардан кейін жақындары Ұлықбектің өзі асылып өлді дегенге сенімсіздікпен қарайды. Яғни оны біреу өлтіріп кетуі әбден мүмкін дейді. Жұмбаққа толы қазаның нақты себебі анықталса екен деп тілейді. Және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан жауаптылардың жазалануына ықпал етуіне сұрайды. Сондай-ақ тергеу тек әділ өтсін деп отыр.