Мемлекет басшысы «Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Құжатқа сәйкес, Үкіметке 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін Халықтық цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі кешенді шаралар жоспарын бекіту қажет. Онда азаматтардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту, цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту, жасанды интеллектіні практикалық тұрғыда қолдану және отандық өндірушілердің өткізу нарықтарына қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделуі тиіс.
Сондай-ақ жоспарды әзірлеу кезінде Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудың ұсынымдарын пайдалану тапсырылды.
Бұл жерде кәсіби қызметте, соның ішінде цифрлық платформалар арқылы ақылы тапсырыстарды орындау барысында жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын дамыту туралы сөз болып отыр. Жеке бағыт ретінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын жекеменшік электрондық сауда алаңдарының, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен біріктіру белгіленді. Бұл отандық өнім өндірісі мен оны өткізу көлемін кеңейтуге ықпал етуі тиіс.