Түркістан облысында 1,1млрд теңге субсидия жымқырған күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Субсидия ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған. Күдікті техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен коммерциялық ұйымдарды өз бақылауына алған.
Атап айтқанда, "Агрохолдинг Туркестан" және "JMJ-Агро" ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген.
"Лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы "АгроПромЛизинг" микроқаржы ұйымы әрекет еткен. Бюджет қаражаты осы ұйымның арнайы шотына аударылған. Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған", - дейді агенттікте.
Соған қарамастан міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген. Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған. Салдарынан мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Күдікті қамауға алынып, тергеу жалғасып жатыр.