Прямая трансляция

Астана

Астана

3°C

Астанада қатты желден мектептің қасбеті опырылып құлады

Кеше Астанада ауа райы күрт өзгерді. Желдің екпіні 15-20 м/с болатын кей тұстарда 23 м/с болды. Әлеуметтік желі қолданушылары қолайсыз ауа райы салдарынан көпқабатты үйлердің шатыры ұшқан түрлі фотоларын салды деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Астанада қатты желден мектептің қасбеті опырылып құлады
Фото: видеодан скриншот

Тұрғындардың айтуынша, айналаға қоқыстар ұшып, үйдің шатырлары құлаған. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі фотолар мен видеоларға қарағанда, қатты жел тұрақтағы көліктерді зақымдап, ғимараттардың қасбеттері мен шатырлары да зақымданып, жарнамалық құрылымдар жыртылып, жерде жатқанын байқауға болады.

Қаланың коммуналдық қызметтері табиғи желдің салдарынан ұшқан шатырларды, қоқыс заттарын жою үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Кеше сағат 21:30-да қатты желдің салдарынан №79 мектеп-лицейінің қасбетінің бір бөлігі опырылып түскен.

Залалдың болжамды көлемі – шамамен 120 ш.м құраған. Қалпына келтіру жұмысы ауа райы тұрақталғаннан кейін басталады.

Қауіпсіздікті сақтау үшін учаске қоршалып, құлаған бөлігі бүгін шығарылады.

Одан бөлек, Кенесары көшесінің бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ұшқанын байқауға болады.

Ауа райына байланысты тұрғындар шұғыл қажеттілік болмаған жағдайда көшеге шықпағаны және үйде болғаны жөн.

Дауыл кезінде (24 м/с дейін) ағаштар құлап, электр желілері үзілуі мүмкін. Сондықтан қатты жел кезінде қауіпсіздіктің жалпы шараларын білу маңызды. Сонымен қатар, үйде немесе пәтерде болған кезде барлық желдеткіш саңылаулар мен терезелерді жабуды ұмытпаңыз. Қатты желдегі қауіпсіз орындар - терезелерден алыс жерлер.

Үйлердің қабырғасының жанында қатты желден жасырынбаңыз, өйткені шифер мен басқа да материалдар шатырдан құлауы мүмкін.