Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Конституция жобасына тоқталып, түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керектігін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
"Түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек. Қазіргі Конституцияда "Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді" деген ереже бар. Осы ережені "тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға" да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын", - деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, тұтастай алғанда, негізгі заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған.