Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Трамп Тоқаев пен Қазақстанды Бейбітшілік кеңесіне шақырды

АҚШ Президенті Дональд Трамп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырып, ал Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болуды ұсынды. Бұл жайында Tengrinews.kz порталына Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтты.

Трамп Тоқаев пен Қазақстанды Бейбітшілік кеңесіне шақырды
Ақорда

Бұған дейін мәлім болғанындай, АҚШ Президенті Газа бойынша Бейбітшілік кеңесін құрады. Аталған кеңеске құрылтайшы мемлекет ретінде қатысуға бірқатар елдің басшыларына шақыру жолданған. Аргентина, Мажарстан, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия мұндай шақырту алғандарын растап, оны қабылдағандарын жария етті.

Сонымен қатар шақыру Франция, Германия және БАӘ көшбасшыларына да жолданған. Алайда, әзірше олардың тарабынан ресми растау болған жоқ. Осының аясында дипломатиялық ортада және журналистер арасында еліміздің әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы үлесін, оның ішінде Газа секторы мен жалпы Таяу шығыстағы ахуалды реттеудегі күш-жігерін мойындау ретінде дәл осындай шақыртуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да алғаны талқылана бастады. Вашингтон Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ибраһим келісіміне қосылу туралы шешімін де жоғары бағалағандығы да ерекше атап өтіледі. Мұнан бөлек, Мемлекет басшымыз таяуда Дональд Трамппен, Махмуд Аббаспен және Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы келіссөз жүргізді.

Осыған орай Tengrinews.kz Ақордаға Ақ үйден Бейбітшілік кеңесіне қатысу туралы ресми шақыру болған-болмағанын анықтап көруге тырысқан еді. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай бұл фактіні растады. 

- Бірқатар елдің көшбасшыларының Президент Дональд Трамптан мұндай ресми шақыру алғаны туралы мәлімдемелерінен кейін бұл фактіні жасыру дұрыс болмас еді. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем көшбасшылдарының арасында алғашқылардың бірі болып Бейтішлік кеңесінің құрамына кіру, ал Қазақстанға құрылтайшылардың бір болу туралы ресми шақыру алды. Мемлекет басшысы АҚШ Президентінің атына жауап хат жолдап, шынайы ризашылығын білдірді және аталған жаңа бірлестіктің құрамына кіруге келісетінін жеткізді. Президент Қазақстанның Таяу Шығыста мығым бейбітшілікке қол жеткізуге жан-жақты үлес қосуға, мемлекетаралық сенім мен жаһандық тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынын растады, - деді ол. 

Сонымен қатар ол Президенттің және оның баспасөз қызметінің бұл мәселені осы уақытқа дейін неліктен жарияламағанын түсіндірді. 

- Біз Дональд Трамп әкімшілігі ресми хабарлағанға дейін бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасау әдепсіз болады деп санадық. Дегенмен, процесс өздігінен жүріп кетті. Келісім алынғаннан кейін Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге келіскен мемлекеттердің толық тізімі жария етіліп қалар, - деп түсіндіреді Руслан Желдібай.