Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

"Ауқатты бизнесмендердің барлық бизнесі тендерге байланған" - Мәжіліс төрағасы

"Соқыр тиын инвестиция, бір технология да алып келген жоқ. Бидай шоқып жүр, әйтеуір", - деді Нұрлан Нығматулин.

"Ауқатты бизнесмендердің барлық бизнесі тендерге байланған" - Мәжіліс төрағасы
Фото: дереккөз

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Kazakh Tourism компаниясына қосымша құзырет беру туралы ұсынысты қолдамайтынын жеткізді, деп хабарлады paryz.kz, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, Парламент Мәжілісінде бүгін туристік қызметке қатысты заң жобасы қызу талқыланған болатын. Жұмыс барысында депутат Артур Платонов Kazakh Tourism компаниясының мемлекет пен бизнес арасында делдал болғалы тұрғанын мәлім еткен еді. Әріптесінің ұсынысын Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қолдады.

"Туристік қызметті дамыту туралы заң жобасын пайдаланып, бюджет қаражатын жеке секторға жаңаша құюдың еш қажеті жоқ. Бұл жерде сіздер мағынаны өзгерте салғансыздар (Ақтоты Райымқұловаға қарата). Бизнесті қолдау деген бюджет қаражатын тықпалай берумен шектелмеуі керек. Компанияларды құрып тастаған салалар жетерлік. Жүр әне, өздерін "ауқатты бизнесмен" санайды, ал қарасаң оның барлық бизнесі мемлекеттік және квазимемлекеттік тендерге байланған. Соқыр тиын инвестиция, бір технология да алып келген жоқ. Бидай шоқып жүр, әйтеуір. Мұнда да ұлттық компания құрып, бюджет қаражатын саламыз. Ал ол болса, тағы да туристік салаға қаражат тықпалаумен айналысады. Түсініктің өзі басқаша болуы керек", - деді Нұрлан Нығматулин Мәжіліс отырысында.

Мәжіліс төрағасы Мәдениет және спорт министріне бұл тұрғыда заңнамалық тұрғыда туристік саладағы бизнесмендерге жайлы жағдай жасалуы керектігін ескертті.

"Ол дегеніміз – заманға сай инфрақұрылым, әділетті салық жүйесі. Ең бірінші кезекте, міне, осы мәселелерді реттеп алуымыз керек. Әлбетте, ұлттық компаниялар арқылы бюджетті жеке секторға бере салсақ, кейін есеп бере салу сіздерге түкке тұрмайды. Одан да күрделі болса, дұрысы – жайлы жағдай жасау. Бағана айтқанымыздай, біздің компаниялардың бәсекеге қабілетін арттыру керек. Ол үшін туристік компанияларды жинап, тыңдап, олардың проблемасы қандай екенін ұғынып алу керек. Мәдениет және спорт министрлігі осы шаруамен айналысуы тиіс", - деді ол.