Шымкент қалалық №2 ауруханасының перзентханасында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды paryz.kz.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1995 жылы туған Гүлбағира Өтемісқызы жүктіліктің 31-аптасында дәрігерлердің көмегімен үшемді аман-есен өмірге әкелген.
Мерзімінен бұрын туғандықтан, алғашқы үш тәулік бойы сәбилер жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Балалар тыныс алу қолдауын алып, өмір үшін күресті. Кейін олар жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылып, ем-дом мен күтім жалғастырылды.
Сәбилер салмақ қосып, 2300 грамға дейін жетті. Қазіргі таңда нәрестелер мен ананың жағдайы тұрақты. Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде үшемдер өмірге сәтті бейімделіп, қалыпты дамуда, - деп хабарлады Шымкент қалалық №2 ауруханасының баспасөз қызметі.