Астана қаласының тұрғыны аңшылық мылтықтан өтіп бара жатқан көліктің жүргізушісіне оқ атқан, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Ол оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші болған оқиға туралы "102" арнасына хабарлаған.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Мылтық тәркіленді", - дейді полиция.
Жәбірленуші құқық қорғау органдарының қызметкері болып шықты. Ол оқиға болған кезде еңбек демалысында болған, дейді Астана полициясы.