Ақсу ауданында жігіт қызына бару үшін бөтен автокөлікті заңсыз иемденіп кеткені анықталды, деп хабарлайды paryz.kz.
Полицияға «Ақсу қант зауытының» жұмысшысы арызданған. Оның айтуынша, түнгі уақытта Жансүгіров ауылындағы кәсіпорын ғимаратының алдында белгісіз адам зауыт аумағында тұрған Toyota Camry маркалы автокөлігін айдап кеткен.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол 21 жастағы азамат екені анықталды. Автокөлік қысқа мерзім ішінде табылып, заңды иесіне қайтарылды. Бейнебақылау камераларының жазбаларына сәйкес, күдіктінің зауыт аумағынан шығып, көлікті айдап кеткен сәті анық көрінеді. Тексеру барысында ол әріптесі демалып жатқан сәтті пайдаланып, рұқсатсыз автокөлікті алып, қызымен кездесуге бару үшін мінгенін түсіндірді», - деп хабарлады Жетісу облысының ПД баспасөз қызметі.