Ақтөбе облысы Шалқар қаласында оқушы қатарласын пышақтап тастады, деп хабарлайды paryz.kz.
Оқиға 26 қазанда болған. 14 және 15 жастағы екі жасөспірімнің арасында жанжал туып, бірі екіншісіне пышақ салған.
"Кәмелетке толмаған тұрғынға пышақ жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - дейді облыстық полиция департаменті.
Күдікті жасөспірім анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ол профилактикалық есепке қойылып, оның ісі аудан әкімдігі жанындағы комиссияда қаралатын болды.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін күдіктінің ата-анасын жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Ал жарақат алған оқушының жағдайы қалыпты, дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
"Шалқар қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Бүгінде ол Ақтөбедегі балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр", - дейді ведомство.
Білім бөлімі мен құқық қорғау органдары бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмысты күшейтті.