Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Астанада үстіне бетон плитасы құлаған 17 жастағы бозбала құрылыс алаңында жан тапсырды

Астанадағы құрылыс алаңында кәмелет жасқа толмаған баланың үстіне бетон плитасы құлап, ол сол жерде жан тапсырды. Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте болған, деп хабарлайды paryz.kz Алматы арнасына сілтеме жасап. 

Астанада үстіне бетон плитасы құлаған 17 жастағы бозбала құрылыс алаңында жан тапсырды
Фото: Pixabay

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, 17 жастағы ер бала жұмысына небәрі екінші күн ғана барған. Анасының айтуынша, ұлын бетон плиталардың бірі қысып қалған. Негізінде ол тек құбыр орнын қазушы болып істеген, бірақ сол сәтте мүлдем өз қызметіне қатысы жоқ, бетон көтеруге көмекке шақырылған.

Сағат 15:00 шамасында ол анасына хабарласып, телефон қуаты таусылғалы тұрғанын және кешкі сағат 18:00-де үйге келетінін айтқан. Алайда бұл оның соңғы қоңырауы болыпты.

"Балалардың айтуынша, басшылары көмекке шақырған. Ең соңғы бетонды көтеріп жатқан кезде бәрі үлгеріп, қашып кеткен. Менің балам қалып қойған, басын қысып жіберді дейді ғой. Көрген жоқпын. Баламды көрсеткен жоқ", - деді марқұмның анасы Айгүл Жұбанова. 

Қайғы жұтқан ана кран мен жүк көлігін басқарған жүргізушілердің қан құрамынан есірткі заттарының ізі табылғанын айтқан.

Бұл туралы марқұмның туыстары тек қорғаушы жалдағаннан кейін ғана білген. Анасы "басында тағдырдың жазғаны шығар деп өзімізді жұбаттық, бірақ мұны естіген соң, мүлде басқа сезімде болдық" дейді. Олар кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр. 

"Алланың жазғаны шығар, қайтеміз" деп әкесін жұбатқам. Қалай адамдарды осындай жұмысқа жібереді? Бұл компанияның басшылары қайда? Жұмысқа алатын кезде, психдиспансер, есірткіге тәуелділігі тексерілмейді ме", - деді марқұмның анасы Айгүл Жұбанова. 

Телеарна тілшілері оқиғаға байланысты құрылыс нысанында жұмыс істеген компаниялармен байланысуға тырысқан. Алайда жауап ала алмағанын айтады. Ал Полиция департаментінің мәліметінше, факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Барлық куәгерлерден жауап алынып жатыр.

 "Астанадағы құрылыс нысанында кәмелетке толмаған жасөспірімнің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы оқиға орнын тексеріп заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, куәгерлермен, оқиғаны көргендерден жауап алынып,құжаттар тәркіленіп жатыр", - деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Эльмира Шәуленова.

Бұл жағдайға Еңбек инспекторлары да араласқан. Олар кәмелетке толмаған баланың келісімшартынсыз жұмыс істегенін анықтаған. 

Сондай-ақ "оған ауыр жұмыс жүктеу - еңбек заңнамасын өрескел бұзу" деп отыр.

"Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия жұмыс берушімен жұмыскердің өкілі және мердігер және бас мердігер комиссияға енгізілген. Арнайы комиссия мән жайын анықтап әрі қарай материалдар Астана қаласы бойынша Полиция департаментіне жолданады", – деді Еңбек қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Рустам Жандосов. 

Телеарна мәліметінше, марқұмның отбасы осы жылдың тамызында Қызылордадан елордаға көшіп келген. Ол колледждің 3-курс студенті.