Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

25 қазан – Қазақстанның егемендікке бастаған тарихи қадамы

Сарапшылар 25 қазанның Қазақстанның тағдырына қалай ықпал еткенін еске салды, деп жазады Paryz.kz.

25 қазан – Қазақстанның егемендікке бастаған тарихи қадамы
Фото: gov.kz

25 қазан – ел тарихындағы айрықша даталардың бірі. Дәл осы күні, 1990 жылы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекетіміздің саяси әрі экономикалық дербестігін айқындаған алғашқы заңдық құжат – Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Бұл маңызды акт тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына жол ашқан шешуші кезең болды. Бүгінде бұл күн Республика күні ретінде тойланады және елдің тәуелсіз бағытын, ұлттық болмысын, азаматтық бірлігін бейнелейді.

Аталған тарихи күннің маңызы туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз жиынында ғалымдар, саясаттанушылар және қоғам өкілдері пікір білдірді. «Гражданский альянс Алматы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Қайыржан Абдыхалықов осы датаның тарихи рөлін атап өтті:

«1990 жылы қабылданған Егемендік декларациясы Қазақстанның тәуелсіздікке бағыт алған жолындағы маңызды белес болды. Құжат азаматтық сектор өкілдерінің, депутаттардың және сарапшылардың талқылауынан өтіп, барлық этностардың қатысуымен дауыс беру арқылы қабылданды. Бұл – Қазақстан тарихында саяси дербестікті және өзге одақтас республикалармен тең құқықты алғаш рет заңды түрде бекіткен маңызды шешім еді», – деді ол.

Декларацияның қабылдануына елдегі демократиялық дамуға әсер еткен бірқатар оқиғалар негіз болды. 1989 жылдың ақпанында Қазақстанда алғашқы қоғамдық қозғалыс – «Невада–Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Ол азаматтарды біріктіріп, Семей ядролық сынақ полигонын жабуға бағытталған үлкен қоғамдық күшке айналды. Бұл халықтың азаматтық жауапкершілігінің артқанын көрсетті. Сол жылдың қыркүйегінде қабылданған Мемлекеттік тіл туралы заң қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріп, ұлттық сана мен мәдениеттің жандануына жол ашты. Осы тарихи үдерістер 1990 жылғы Егемендік декларациясын, сондай-ақ 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдауға негіз болды.

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің өкілі Айгүл Садвокасова декларацияның мазмұнын талдай отырып, оның қазіргі Қазақстан мемлекетшілдігінің іргетасын қалағанын атап өтті:


«Декларацияда мемлекеттің унитарлық құрылымы, аумақтың тұтастығы мен бөлінбеуі, мәдениет пен дәстүрді жаңғырту, мемлекеттік және этностар тілдерін дамыту секілді қағидалар бекітілді. Бұл құжат – егемен Қазақстанның идеологиялық әрі құқықтық негізі болды», – деді ол.

Алғашқы жылдары 25 қазан Егемендік күні ретінде аталып өтсе, 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен мерекеге жаңа мазмұн беріліп, ол Республика күні деп белгіленді. Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім мерекенің мәнін терең ашады, өйткені республика шын мәнінде егемен болғанда ғана толыққанды тәуелсіз мемлекетке айналады. Сондықтан бұл күн – Қазақстан мемлекеттілігінің, егемендігінің және тарихи жалғастығының айқын нышаны.

Бұл мереке азаматтарға мемлекетшілдіктің маңызын еске салумен бірге, заңға, тәртіпке және тарихқа деген құрметті қалыптастырады. Республика күні қоғамда адалдық, заңға мойынсұну, этносаралық татулық және ұлттық бірегейлік құндылықтарын насихаттайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл мерекені жастар арасында кеңінен дәріптеу ерекше маңызды. Тәуелсіздіктің тарихын балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін түсіндіру арқылы жас буын елдің басты ұлттық мерекесінің мәнін терең түсінеді.

Саясаттанушы Замир Қаражанов қазіргі жаһандық жағдайларда егемендіктің құндылығы бұрынғыдан да арта түскенін алға тартты:


«Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде мемлекеттік егемендік ұғымы абстрактылы сипаттан арылып, нақты өмірлік мазмұнға ие болды. Егемендік – біздің тұрақты дамуымыздың, қауіпсіздігіміздің әрі ұлттық мүдделерімізді қорғаудың басты кепілі. Ол Қазақстанға халықаралық процестерде прагматикалық саясат жүргізуге және басқа елдердің қақтығыстарына араласпауға мүмкіндік береді», – деді сарапшы.

Көптеген қоғам қайраткерлері Республика күнін Наурыз секілді кең көлемде, ұлттық рухты көтеретін, елдің мәдени мұрасын көрсететін жалпыхалықтық мерекеге айналдыру қажет деп санайды. Мұндай бастама ел ішіндегі бірлікті күшейтіп қана қоймай, шетелдік туристер мен инвесторлардың назарын аударып, Қазақстанның халықаралық беделін арттыра түспек.