"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы Қазақстанның төрт облысында бүгін қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болуы мүмкін екенін ескертті.
"Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында республикалық маңызы бар автожолдардың кей учаскелерінде көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар жол бетінде көктайғақ болуы ықтимал", - деп жазылған хабарламада.
Осыған байланысты ұлттық компания жүргізушілерге жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға кеңес берді. Сондай-ақ жылдамдықты жол жағдайына қарай таңдап, оқыс маневр жасаудан аулақ болу қажет. Республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайы туралы тәулік бойы ақпаратты 1403 нөмірі арқылы алуға болады.