Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Ұлытау облысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттар талқыланды

Ұлытау облысында Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиевтің, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтайдың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаевтың өңір тұрғындарымен кездесуі өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.

Ұлытау облысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттар талқыланды
Құрылтайдың Баспасөз қызметі

Кездесу барысында Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтар талқыланды. Қатысушылар цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және адами капиталды дамыту мәселелеріне баса назар аударды.

Спикерлер Жолдау жүктеген міндеттерді өңірдің экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының Жолдауы ел дамуының стратегиялық бағдарларын айқындап, экономиканы нығайтуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Осы бастамалардың өңірлік деңгейде жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырылуын қамтамасыз ету баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиев.

Өңірді дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуды көздейтін «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Бағдарлама аясында облыста жаңа білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын салу жоспарланып отыр. Бұл әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырып қана қоймай, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.

WhatsApp Image 2026-11-09 at 19.24.06 (1).jpeg

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік қолдау шаралары, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы, педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту, сондай-ақ өңірдің экологиялық және технологиялық мәселелеріне қатысты сауалдарын ортаға салды. Су ресурстарын тиімді пайдалану және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жолдары да талқыланды.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкіметтің қолдауы аясында Ұлытау облысында 30-ға жуық ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, негізгі теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталып, Жезқазғанды Қызылорда, Арқалық және Қарағанды қалаларымен байланыстыратын стратегиялық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Аталған жобалар көлік қатынасын жақсартуға, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған. 

WhatsApp Image 2026-11-09 at 19.24.07.jpeg

Бұдан бөлек, облыста денсаулық сақтау, білім беру және спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Бұл жобалар бюджет қаражаты есебінен және «Самұрық-Қазына» АҚ, «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Zhyly Zhurek» қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоспарланған жұмыстар аясында өңірдің қалалары мен ауылдарында ауруханалар, емханалар, балабақшалар, инклюзивті және оңалту орталықтары, заманауи спорт кешендері мен Конгресс-орталығының құрылысы жүргізілуде.

Аталған бастамаларды іске асыру өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

WhatsApp Image 2026-11-09 at 19.24.07 (1).jpeg

Кездесу соңында спикерлер тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсініктеме берді.