Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы өңірдегі еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Оның құрамында Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров, Халық кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев, Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов және облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Мақсұт Нәлібаев болды, деп жазады Paryz.kz.
Кездесулерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттар түсіндірілді. Атап айтқанда, экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау міндеттеріне назар аударылды.
Айдарбек Қожаназаров Қазақстанда жыл сайын шамамен 123 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілетінін, алайда бұл көлем ішкі сұранысты толық өтеуге жеткіліксіз екенін айтты. Сондықтан еліміз электр энергиясының бір бөлігін шетелден импорттауға мәжбүр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемін тұтыну деңгейінен асыру міндетін қойды. Бұл мақсатқа жету үшін жаңа электр станцияларын іске қосып, қолданыстағы желілер мен жабдықтарды жаңарту қажет.
Депутат энергетика саласы мамандарының еңбегіне де тоқталды. Оның айтуынша, халық пен кәсіпорындарды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуде сала мамандарының кәсібилігі мен жауапкершілігі айрықша рөл атқарады.
Бұдан кейін топ мүшелері «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесті. Жиынға шағын және орта бизнес, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларының өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлермен кездесуде салық саясатын жетілдіру, әкімшілік жүктемені азайту, ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін арттыру мәселелері көтерілді.
Айдарбек Қожаназаров Мемлекет басшысының 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жаңа үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі бастамасына тоқталды. Сонымен қатар экономиканың нақты секторын инвестициялық несиелеуді кеңейтудің маңызын айтты.
– Бүгінде кәсіпкерлерге ең алдымен тұрақты әрі түсінікті жұмыс ережелері қажет. Президент өз Жолдауында әкімшілік қысымды азайту, салықтық реттеуді жетілдіру және бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойды. Біздің мақсатымыз – осы бастамаларды іске асыру үшін қажетті заңнамалық негіз қалыптастыру. Бұл ретте қабылданатын шешімдер кәсіпкерлердің, соның ішінде өңірлердегі бизнес өкілдерінің нақты қажеттіліктерін ескеруі маңызды, – деді ол.
Сондай-ақ кездесуде Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру жайы сөз болды. Қатысушылар бастаманың өңірлерді дамытудағы маңызын талқылап, жобаларға отандық кәсіпорындарды тарту, жергілікті өндірісті өркендету және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктеріне назар аударды.
Жұмыс сапарын Шиелі ауданында жалғастырған ақпараттық-түсіндіру тобы аудандық «Арман» мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, Президент Жолдауында белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңарту, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру міндеттерін түсіндірді.