Депутат Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдап, «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды paryz.kz.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше мән беріп, Үкіметке нақты шаралар қабылдауды тапсырған.
Соңғы жылдары әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында бірқатар шара қабылданып, жауапкершілік күшейтіліп, алдын алу тетіктері кеңейтілген. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып келеді. Айжан Аймағанова соңғы айларда қоғамды дүр сілкіндірген екі жағдайды мысалға келтірді.
Оның мәліметінше, 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан көз жұмған. Ал 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазираны бұрынғы жұбайы өлтірген. Осы оқиғаларға байланысты депутат қолданыстағы қорғау тетіктері қауіпті алдын ала анықтап, зорлық-зомбылықтың жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік беретінін қарастыру қажет деп санайды.
Айжан Аймағанованың пікірінше, Қазақстанда бұл бағытта қолдануға болатын құқықтық және цифрлық мүмкіндіктер бар. Ендігі міндет – оларды тиімді пайдаланып, қауіп-қатерді дер кезінде анықтау және азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Депутат мұндай тәжірибенің Франция сияқты шет мемлекеттерде қолданылатынын атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ, өйткені елде профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері бар. Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады:
Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізсін;
қауіп туралы сигнал түскен кезде полиция қызметкерлерінің әрекетін айқындайтын бірыңғай міндетті алгоритм бекітілсін;
әрбір қауіп сигналы мен оған байланысты қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынсын.
Депутаттың пікірінше, мұндай тәсіл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын бақылауға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп қауіпсіздігін жүзеге асыру үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, оның алдын алуымыз керек», – деп түйіндеді Айжан Аймағанова.