Бүгін Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында белсенді әрі блогер Санжар Боқаевтың, оның жиені Мадияр Қалменов пен видеограф Ұлан Нүсіпқожаның ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды, деп хабарлайды paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта судья тараптарға құқығын түсіндіріп жатыр.
Боқаевқа қандай айып тағылып отыр?
Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурызда Алматыда қылмыстық істі тергеу аясында ұсталған. Тергеу мәліметінше, ол құқық қорғау органдарының пікірінше, қоғамда теріс пікір қалыптастыруға бағытталған көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, әлеуметтік желілерде қоғамдық саябақ аумақтарындағы ағаштардың заңсыз кесілгені және құрылыс нысандарындағы болжамды заң бұзушылықтар туралы бейнематериалдар жарияланған.
Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, Боқаев мұндай әрекеттерді ұйымдастырып, оған адамдарды ақшалай сыйақы үшін тартуы мүмкін. Сонымен қатар ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жолмен ақша қаражатын жымқыру ісі бойынша да күдікті ретінде өтіп жатыр.
2 сәуірде Сенатта өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Санжар Боқаевтың қылмыстық іс бойынша фигурант екенін растады.
Ол алаяқтық жолмен ірі мөлшерде ақша қаражатын жымқырды және ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды деген қылмыстарды жасады деген күдікке ілінді, – деді Ерлан Өтегенов.
Оның айтуынша, аталған құқық бұзушылықтар Боқаевтың ұлттық компаниялардың бірінде жұмыс істеген кезінде жасалуы мүмкін.
Санжар Боқаев – қазақстандық қоғам белсендісі, экономист әрі блогер. Ол әлеуметтік желілерде қоғамдық-саяси және экономикалық тақырыптарға, сондай-ақ қалалық орта мен экология мәселелеріне қатысты белсенді пікір білдіріп келген.