Прямая трансляция

Астана

Астана

10°C

Астанада кәсіподақтар күні қарсаңында республикалық цифрлық форум өтті: әлеуметтік әріптестер Астана декларациясы мен цифрлық хартияны бекітті

7 қазан - Дүниежүзілік лайықты еңбек күніне орай Астана қаласындағы «Alem-ai» жасанды интеллект халықаралық орталығында «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» атты ауқымды халықаралық форум өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды paryz.kz.

Астанада кәсіподақтар күні қарсаңында республикалық цифрлық форум өтті: әлеуметтік әріптестер Астана декларациясы мен цифрлық хартияны бекітті
Фото: дереккөз

Екі күнге созылған халықаралық жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына, сондай-ақ 10 қазан – Кәсіподақтар күніне орайластырып ұйымдастырылды. Шараны Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) қолдауымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өткізді.

Форум жұмысына Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы, шетелдік кәсіподақ бірлестіктері, отандық және халықаралық IT-компаниялардың басшылары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бүгінде «Digital Qazaqstan» стратегиясы елдің цифрлық дамуының негізін құрайды. Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда 4,1 миллион адам жасанды интеллект ықпалымен өзгеретін кәсіптерде еңбек етуде.

Осыған байланысты технология игілігі жұмыскерлерге лайықты еңбекақы, қауіпсіз жұмыс жағдайлары, қайта даярлау және кәсіби даму мүмкіндіктері арқылы жетуі тиіс. Форумның ресми бөлімін ашқан ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин цифрлық жаңғыру кезеңінде еңбек адамының мүддесін қорғаудың маңыздылығын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Ел алдына экономиканы, мемлекеттік басқаруды және қоғамдық өмірді цифрлық трансформациялау міндеті қойылды. Біз бұл реформаларды қолдаймыз. Кәсіподақтардың міндеті – цифрлық трансформацияның ортасында еңбек адамы қалуын қамтамасыз ету. Негізгі мәселе – жаңа еңбек әлемінде адамға қандай орын берілетінінде», – деді С. Дәулеталин.

Жиын барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев еңбек нарығының цифрлық инфрақұрылымын дамыту және жұмыскерлердің жаңа дағдыларды меңгеруі жөніндегі мемлекеттік тәсілдерді баяндады. Өз кезегінде «PARYZ» ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының басқарма төрағасы Қаныбек Жаңбырбаев өндіріске заманауи технологияларды енгізу мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың тұрақты әріптестігін талап ететіндігіне назар аударды. Форумның басты нәтижесі – Цифрлық еңбек және жасанды интеллект туралы Астана үшжақты декларациясына қол қойылуы және Кәсіподақтардың цифрлық хартиясының қабылдануы болды.

Үшжақты декларацияға ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев және «PARYZ» конфедерациясының басқарма төрағасы Қаныбек Жаңбырбаев қол қойды.

Декларацияға сәйкес: Цифрлық технологиялар еңбек кепілдіктерін төмендетпей, өнімділік пен қауіпсіздікті арттыруы тиіс; 

Жұмыскерлер өз еңбегіне қатысты жасанды интеллект қабылдаған шешімдер туралы уақтылы ақпарат алуға, олардың түсіндірмесін сұрауға және адамның қайта қарауын талап етуге құқылы; 

Тараптар жұмыскерлерді оқыту мен қайта даярлауды, платформалық еңбектегі құқықтарды қорғауды және цифрландырудың салдарын ұжымдық келіссөздер арқылы қарауды міндетіне алады.

Сонымен қатар форум қорытындысы бойынша еңбекшілердің цифрлық құқықтарын қорғаудың негізгі қағидаттарын айқындайтын Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы қабылданды. Документте алгоритмдердің ашықтығы, дербес деректерді қорғау, кәсіби қайта оқыту және онлайн-платформаларда жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері нақты көрініс тапты.

Форум аясында үш арнайы бағыт бойынша сарапшылық ұсыныстар әзірленді: Алгоритмдік басқару және жұмыскерлер құқығы: ЖИ шешімдерінің ашықтығы, адамның бақылауы және шағымдану құқығы;

Автоматтандыру және әділ көшу: қайта оқыту, жұмыс орындарын сақтау және технологиялық өзгерістердің әлеуметтік салдарын басқару;

Платформалық экономика және жұмыспен қамтудың жаңа нысандары:

онлайн-платформалардағы еңбек кепілдіктері мен ұжымдық қорғау тетіктері.

ҚРКФ өз тарапынан Цифрлық жаңғыру жол картасын ұсынды. Келісімдерді жүзеге асыру мақсатында Цифрлық еңбек және ЖИ жөніндегі республикалық үшжақты платформа мен жұмыс топтарын құру, сондай-ақ мониторинг жүйесін енгізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жиынға қатысушылар кез келген технологиялық дамудың басты көрсеткіші - адамның өмір сүру сапасы мен еңбек жағдайын жақсарту болуы тиіс деген ортақ мәмілеге келді.