Прямая трансляция

Астана

Астана

10.98°C

Қазақстан Варшавадағы конференцияда кемсітушіліктің алдын алу тәжірибесін таныстырды

Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлер кемсітушіліктің алдын алуда және азаматтардың құқықтарын кешенді қорғауда маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының төртінші сессиясында Ұлттық кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсының президенті Динара Есимова айтты, деп хабарлайды paryz.kz.

Қазақстан Варшавадағы конференцияда кемсітушіліктің алдын алу тәжірибесін таныстырды
Фото: дереккөз

Оның айтуынша, кемсітпеу қағидатын тиімді іске асыру тек заңнамаға жекелеген өзгерістер енгізумен шектелмеуі керек. Бұл бағытта адамның қиын жағдайын дер кезінде анықтап, оның құқықтарының бұзылуына жол бермейтін кәсіби әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту маңызды. Динара Есимова әлеуметтік қызметкерлердің балалармен, әйелдермен, отбасылармен және халықтың басқа да осал топтарымен күнделікті тікелей жұмыс істейтінін атап өтті. Сондықтан мамандардың кәсіби әлеуетін жүйелі түрде күшейту қажет.

«Кемсітушіліктің алдын алуға жауапты мамандардың кәсіби әлеуетін күшейту өте маңызды. Яғни адаммен тікелей жұмыс істейтін, қиын жағдайды алғаш болып байқап, оның алдын алуға кәсіби тұрғыда қабілетті мамандарды даярлау қажет», – деді Динара Есимова.

Әлеуметтік жұмыс саласындағы маңызды бағыттардың бірі – балалардың құқықтарын жан-жақты қорғау. Бүгінде Қазақстан халқының әрбір үшінші тұрғыны – бала. Бұл балалардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін тиімді профилактикалық бағдарламаларды дамытуды талап етеді. Оның айтуынша, әлеуметтік тәуекелдерді ерте анықтауда балаларға арналған медициналық ұйымдар, перинаталдық орталықтар және осы бағыттағы мамандар маңызды рөл атқара алады.

Мұндай тәсіл тиісті күтімнің болмауы, зорлық-зомбылық және отбасындағы қолайсыз жағдай сияқты мәселелерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Осы бағытта 2026 жылдың соңына дейін «Денсаулық сақтау жүйесіндегі әлеуметтік қызметкер» кәсіби стандартын бекіту жоспарланып отыр.

«Биылғы жылдың соңына дейін «Денсаулық сақтау жүйесіндегі әлеуметтік қызметкер» кәсіби стандартын бекітуді жоспарлап отырмыз», – деді ол. 

Сонымен қатар балалар ауруханалары мен перзентханаларда әлеуметтік қызметкерлердің штаттық бірліктерін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға көрсетілетін атаулы көмекті күшейтуге мүмкіндік береді. Динара Есимова мамандардың тұрақты дағдыларын қалыптастыру үшін қысқа мерзімді курстар мен тренингтер жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, саланы дамыту үшін әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және құқық қорғау жүйелері арасындағы пәнаралық байланысты күшейтіп, әлеуметтік жұмыс бойынша іргелі академиялық даярлықты жолға қою қажет.

Әлеуметтік жұмыс саласының дамуына халықаралық ғылыми жобаларға қатысу да жаңа мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, Horizon Europe бағдарламасына қатысу мамандардың озық тәжірибе алмасуына және кадр даярлау жүйесін жаңғыртуға жол ашады.

Динара Есимованың пікірінше, кәсіби әлеуметтік жұмысты институционалдық тұрғыдан дамыту Қазақстанда кемсітушіліктің алдын алуға, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға және қоғам мүшелерінің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.