Прямая трансляция

Астана

Астана

10.98°C

«Жапонияда 11 мың, Қазақстанда 463 мың»: Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек қолжетімділігі мәселесін көтерді

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда шетелде қолданылатын заманауи дәрілердің дәріханаларда болмауы және оларды тапсырыспен өте жоғары бағамен сатып алу мәселесін көтерді, деп хабарлайды paryz.kz.

«Жапонияда 11 мың, Қазақстанда 463 мың»: Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек қолжетімділігі мәселесін көтерді
Фото: parlam.kz

Депутаттың айтуынша, жеке қабылдауына келген азаматқа Helicobacter pylori инфекциясын емдеу үшін 14 күндік курсқа вонопразан препараты тағайындалған.

Пациентке 20 мг дозадағы 28 таблетка қажет болған. Аймағамбетов ашық дереккөздердегі мәліметтерді мысалға келтіріп, Жапонияда Takeda компаниясы шығаратын түпнұсқа Takecab препаратының 28 таблеткасы шамамен 11 мың теңге тұратынын атап өтті. Ал Малайзияда жапон өндірісіндегі осы препараттың 30 таблеткадан тұратын қаптамасы 27–30 мың теңге шамасында.

Қазақстанда вонопразанның қарапайым дәріханаларда жоқ екенін айтқан депутат препаратты тапсырыспен 100 таблеткалық қаптамада 463 мың теңгеден жоғары бағаға ұсынатынын жеткізді.

Осылайша, пациентке емдеу курсына қажетті 28 таблетканың орнына шамамен төрт есе көп препарат сатып алуға тура келеді.

Аймағамбетовтің есептеуінше, мұндай жағдайда Қазақстандағы бір таблетканың құны Жапониядағы ресми бағадан шамамен 12 есе жоғары. 

Депутат бұл мәселенің тек дәріні тіркеуге қатысты емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл халықаралық беделді реттеушілер, соның ішінде АҚШ-тың FDA мақұлдаған препараттарын жедел әрі жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге мүмкіндік беретін заң қабылданған. Қалған дәрілер бойынша да тіркеу мерзімдері қысқартылып, «бір терезе» қағидаты енгізіліп жатыр.

Алайда Аймағамбетовтің пікірінше, заң қабылдау жеткіліксіз. Нарықта сұранысқа ие, бірақ қолжетімсіз дәрілерді жүйелі түрде анықтап, өндірушілермен жұмыс жүргізіп, олардың Қазақстанға жеткізілуін жеңілдету қажет. Депутат бұл мәселені Комитет отырысында және Құрылтайда көтеретінін айтты.

«Заң қабылданды. Енді оның жұмыс істеуіне қол жеткізу керек», — деді Асхат Аймағамбетов.

Оның пікірінше, реформаның негізгі нәтижесі қағаз жүзіндегі тіркеу мерзімдерінің қысқаруы емес, пациентке қажетті дәрінің дәріханада қолжетімді бағамен болуы тиіс.