Абай облысы жылыту маусымына дайындық бойынша тапсырманы белгіленген мерзімде орындамаған жалғыз өңір болды. Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімінің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды, деп хабарлайды paryz.kz.
Өңірлердің жылу маусымына дайындығы Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс қаралды. Қазіргі уақытта 11 өңірде жылу беру басталған.
Оңтүстік және батыс өңірлерінде жылу ауа райына байланысты белгіленген кестеге сәйкес қосылады. Премьер-министр жылу көздері мен жылу желілерін 1 қазанға дейін толық дайындау қажет болғанын атап өтті.
«Барлық өңір тапсырманы белгіленген мерзімде орындады, тек бір өңір ғана орындамады», – деді Олжас Бектенов.
Абай облысында жылу желілерін дайындау жұмыстары тиісті деңгейде үйлестірілмеген. Сондай-ақ Семей қаласының жылу желілерін белгіленген мерзімде әзірлеу жұмыстары аяқталмаған.
Осыған байланысты Премьер-министр облыс әкімінің жылу маусымына дайындық бағытына жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.