Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында орналасқан жаңа №281 сайлау учаскесінде дауыс беру алғаш рет өтіп жатыр, деп хабарлайды paryz.kz.
Сайлау учаскесінде дауыс беруді белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Ақшұқыр мектеп-гимназиясының ғимаратында орналасқан №281 сайлау учаскесі сағат 07:00-де ашылды.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мұхановтың айтуынша, учаске қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда 1544 сайлаушы тіркелген.
Қазіргі уақытта сайлаушылар учаскеге келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге өздігінен келе алмайтын және үйде дауыс беруге өтініш берген азаматтар үшін де дауыс беру рәсімі ұйымдастырылуда.
Осы мақсатта учаскелік сайлау комиссиясының екі мүшесі сайлаушылардың үйлеріне барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырды. Сонымен қатар учаскеде алғаш болып дауыс берген сайлаушыға және 18 жасқа толып, сайлауға алғаш рет қатысқан жас сайлаушыға естелік сыйлықтар табысталды.
Сайлау күні учаске маңында мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында патриоттық әндер орындалып, көрме мен ұлттық ойындар ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, №281 сайлау учаскесінде дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.