Алматыда Спорт күніне арналған ауқымды іс-шаралар бағдарламасы өтті. Ұлттық спорт түрлері, халықаралық жарыстар, бұқаралық сайыстар мен қаланың әр алаңында ұйымдастырылған отбасылық іс-шаралар мыңдаған қатысушы мен көрерменнің басын қосты. Бұл туралы қалалық Спорт басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлафды paryz.kz.
Басты оқиғалардың бірі ұлттық спорт түрі – бәйгеден өткен TOP BAIGE CUP – 2026 жарысы болды. Бәйгеге 110 ат қатысты. Шабандоздар құнан бәйге, жорға бәйге және топ бәйге бойынша сынға түсті. Жарысты 3 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Отбасылық денсаулық және спорт фестивалі аясында да ауқымды бағдарлама ұйымдастырылды. Екі күн бойы іс-шаралар түнгі бағдарламаны қоса алғанда, үзіліссіз форматта өтті. 14 тақырыптық алаңда қол күрес, бодибилдинг, жатып сығымдау, бицепске көтеру, стронгмен, зумба және басқа да спорттық-сауықтыру бағыттары ұсынылды. Екі күн ішінде фестивальге 3 мыңнан астам адам қатысты.
Халықаралық жарыстардың бірі Gran Fondo World Championship болды. Веложарысқа әлемнің 20-дан астам елінен 1 000-нан астам әуесқой спортшы қатысты. Қатысушылар 95, 50 және 37 шақырымдық қашықтықтарда сынға түсті. Сондай-ақ Алматы әуесқойлар мен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін қабылдап, бір бағытта әртүрлі жастағы және дайындық деңгейіндегі велоспортшылардың басын қосты.
Баскетбол бағдарламасы да тартысты өтті. JUMP 3×3 турниріне Қазақстан мен ТМД елдерінен 101 команда – 400-ден астам баскетболшы қатысты. Екі күн ішінде іс-шараны 5 мыңға жуық адам тамашалады.
Тағы бір жарқын оқиға – Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өткен Media Basket Almaty турнирі. Оған спортшыларды, өнерпаздарды, блогерлер мен пікір көшбасшыларын біріктірген сегіз медиа-команда қатысты.
Спорт күніне арналған бағдарлама жалғасуда. 17 тамызда Алматыда Roland Garros Juniors халықаралық жасөспірімдер теннис турнирі басталды. Жас теннисшілер халықаралық деңгейдегі жарыстарда өнер көрсету мүмкіндігі үшін бәсекеге түсті.
Алматы қаласының Спорт басқармасының өкілдері мұндай іс-шараларды өткізу бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және әр жастағы қала тұрғындарын белсенді демалысқа тартуға бағытталғанын атап өтті.