Ақтөбеде ер адам бірнеше азаматқа жоқ жер телімдерін сатып, алдап кеткен. Бұл туралы Ақтөбе облысының Полиция департаменті хабарлады.
Полицияға Мәртөк ауданының тұрғыны арызбен жүгініп, белгісіз ер адамның облыс орталығынан жер телімін төмен бағамен сатып алып беруге уәде етіп, ақшасын иемденіп кеткенін хабарлаған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 37 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Тексеру барысында күдіктінің меншігінде жер телімдері болмағанына және оларды сатуға құқығы жоқ екеніне қарамастан, азаматтарға тартымды бағамен жер телімдерін сататынын айтып, олардың сеніміне кіргені анықталды. Ақшаны алғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамаған», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас тағы үш алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 5 миллион теңгеден асты.
Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Полиция азаматтарға жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде құқық белгілейтін құжаттарды мұқият тексеріп, мәмілені заңды түрде рәсімдемей тұрып ақша бермеуге кеңес береді.