Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында Өскемендегі зауыттағы жарылысқа не себеп болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Министрдің айтуынша, «Востокцветмет» шахтасы мен «Қазцинк» зауытында адам өліміне әкелген екі ірі апат бойынша тергеу жалғасып жатыр.
«Тиісті сараптамалар мен зерттеулер тағайындалып, оған салалық мамандар тартылды. “Востокцветмет” шахтасындағы апаттың алдын ала себептері – тау-кен жұмыстарын жобалық құжаттаманы бұза отырып жүргізу және өндірістік жұмыстарды ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз деңгейі. Ал “Қазцинк” зауытындағы жарылыс алдын ала мәлімет бойынша технологиялық процестің бұзылуынан болған», – деді ведомство басшысы.
Министр бұған дейін бұл нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталғанын атап өтті.
«Атап айтқанда, техникалық құжаттаманың талапқа сай келмеуі, техникалық құрылғылардың пайдалану мерзімін ұзартуға қатысты сараптамалардың болмауы, жобалық құжаттамадан ауытқу, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және тозған жабдықтарды уақытында ауыстырмау деректері тіркелген. Тергеу аяқталғаннан кейін кәсіпорынға қатысты тиісті шаралар қабылданады», – деп атап өтті ТЖМ басшысы.