Прямая трансляция

Астана

Астана

22°C

Балаларды қорғау күніне орай Қазақстанда мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстанның барлық өңірінде балаларға арналған мәдени-көпшілік, танымдық және ойын-сауық шаралары өтті. Республика бойынша 1200-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 43 мыңнан астам жас оқырман мен мыңдаған бүлдіршін қатысты, деп хабарлайды Paryz.kz.

Балаларды қорғау күніне орай Қазақстанда мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, мерекелік бағдарлама аясында кітапханалар мен мәдениет мекемелерінде әдеби-сазды кештер, шығармашылық байқаулар, шеберлік сағаттары, театрландырылған қойылымдар, танымдық кездесулер және интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, кітап оқуға қызығушылығын арттыру және олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру.

_gluster_2026_6_1_019ba69b760a460fecf8fefdce38db54_1280x720.jpeg

Елордада мерекелік күннің басты оқиғаларының бірі III Халықаралық клоундар фестивалі болды. Фестиваль қатысушылары «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан бастап «Бәйтерек» монументі алаңына дейін шеру өткізіп, кейін «Ғашықтар» саябағына бет алды. Түрлі-түсті костюм киген өнерпаздар қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

_gluster_2026_6_1_0d80170f2b9d996f41fde2fe8e2d8701_1280x720.jpeg

Биылғы фестивальге Қазақстанның әр өңірінен келген әртістермен қатар, Мұтырғановтар отбасы және Дания, Италия, Франция, Аргентина мен Ресейден келген шығармашылық ұжымдар қатысты. Көрермендер цирк өнерінің элементтері мен интерактивті қойылымдарды тамашалады. Кешкі уақытта Амфитеатр сахнасында балалар мен отбасыларға арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шаралар еліміздің барлық өңірін қамтыды. Шымкент қаласында «Бақытты балалық үшін» бағдарламасы аясында мыңдаған тұрғын қатысқан мереке ұйымдастырылып, 1500-ден астам жас өнерпаз концерттік қойылымдарын ұсынды. Сонымен қатар қолөнер шеберлері ұлттық өнерді насихаттайтын шеберлік сабақтарын өткізіп, сурет және фотокөрмелер ұйымдастырылды.

Ақмола облысының орталығы Көкшетауда жаңартылған «Жаңа жағалау» демалыс аймағы ашылды. Жаңа нысанда амфитеатр, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары қарастырылған. Мереке аясында әлеуметтік осал топтағы 22 отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталып, бірқатар әлеуметтік және мәдени мекемелерге қолдау көрсетілді. Сонымен қатар республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары марапатталды.

Қызылорда қаласында Балаларды қорғау күніне орай жаңа ботаникалық бақ пайдалануға берілді. Заманауи кешенде әлемнің әртүрлі өңірлерінен әкелінген тропикалық және субтропикалық өсімдіктер өсірілуде. Мамандардың айтуынша, орталық экскурсиялық алаң ғана емес, ғылыми-зерттеу және білім беру жұмыстары жүргізілетін маңызды нысанға айналады.

Өңірлерде өткізілген мерекелік бағдарламалар балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың таным көкжиегін кеңейтуге және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталды.

_gluster_2026_6_1_50848365c0defc58ab6fa8ae32a995c5_1280x720.jpeg

Сондай-ақ Астанада «Балалықтың мөлдір әлемі» мәдени-ағартушылық бағдарламасы ұйымдастырылып, фин балалар әдебиетіне арналған арнайы бұрыш ашылды. Алматыда «Күн мен Ай ертегілері» балалар кітаптарының таныстырылымы өтсе, Павлодар облысында жас оқырмандар 3D және 4D форматындағы кітаптармен танысты. Түркістан облысында өлкетану экскурсиялары мен фильм көрсетілімдері ұйымдастырылса, Солтүстік Қазақстан облысында балаларға арналған квесттер мен шығармашылық алаңдар жұмыс істеді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар күні бойы жалғасып, балалардың мәдени-шығармашылық дамуына қолдау көрсетуге және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталды.