«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордадағы Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында оқушыларға арналған профилактикалық түсіндіру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Іс-шараны балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы, қалалық Полиция департаменті және «City Transportation Systems» компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесу балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігіне айналды. Бір ай ішінде осындай кездесулер Астанадағы 12 мектепте ұйымдастырылған.
Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары арасында жолда және қоғамдық көлікте қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ жеке жауапкершілік пен құқықтық тәртіп нормаларына құрмет сезімін тәрбиелеу.
Іс-шара барысында полиция инспекторлары мен көлік компаниясының мамандары арнайы оқыту сабақтарын өткізді. Оқушыларға жол қозғалысы ережелері, көшеде және қоғамдық көлікте өзін қауіпсіз ұстау тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Әсіресе жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Интерактивті бөлімде полиция қызметкерлері мектеп оқушыларымен бірге мектеп маңындағы автобус аялдамалары мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне барып, жолдан қауіпсіз өту ережелерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Мұндай тәсіл балалардың ақпаратты тез әрі тиімді меңгеруіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «City Transportation Systems» компаниясының мамандары арнайы жабдықталған автобуста практикалық сабақ ұйымдастырды. Оқушылар қоғамдық көлікті пайдалану тәртібімен танысып, көлік карталары арқылы жол ақысын дұрыс төлеуді үйренді және автобустағы мінез-құлық мәдениеті жөнінде мәлімет алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, заң мен тәртіп қағидаттарын ұстанатын саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып табылады.