Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қазақстандық азаматтарды Украинадағы соғыс қимылдары аймағына мәжбүрлі түрде жіберу туралы шағымдарға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында бір топ Қазақстан азаматының бейнеүндеулері тараған. Олар Ресейге күзет агенттіктеріндегі жұмыс деген желеумен алдап әкетілгенін, кейін Украинадағы соғыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа мәжбүрлі түрде жіберілгенін және бас тартқан жағдайда түрмеге отырғызамыз деп қорқытқанын айтқан.
СІМ бұл жағдайға ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, азаматтардың шетелдегі құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау – министрліктің негізгі басымдықтарының бірі. Қазақстан бұған дейін де әртүрлі елдер мен өңірлердегі қақтығыс аймақтарынан азаматтарды елге қайтару бойынша жұмыс жүргізген.
Министрлік қазақстандық азаматтар туралы толық әрі нақты ақпаратты БАҚ-тан емес, олардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алудың маңызды екенін атап өтті. Бірқатар отбасы СІМ-ге көмек сұрап жүгінген.
Қазақстан азаматтарының соғыс қимылдары аймағында болуы мәселесі бойынша туыстардың өтініштерін қабылдау үшін министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істейді. СІМ бұқаралық ақпарат құралдарынан тиісті байланыс деректерін таратуға жәрдемдесуді сұрады.
Азаматтардың құқықтарын қорғау үшін министрлікке олардың толық аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері, сондай-ақ жасалған еңбек шарттарының талаптары туралы ақпарат қажет.
Қазақстан азаматтарын елге қайтару бойынша бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында СІМ Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып жатыр. 2 қазанда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесіп, соғыс қимылдары аймағында қалған Қазақстан азаматтарының жағдайын талқылады. Тараптар оларды елге қайтару бойынша бірлескен іс-қимылдар әзірлеуге келісті.
Жақын уақытта Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресейдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің басшылығымен кездесулер өткізеді.
Қазақстан азаматтарына қатысты байланыс арналары:
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті:
+7 (7172) 72-05-00
[email protected]
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі:
+7 (925) 897-71-14
[email protected]
Қазақстан Республикасының Астрахань қаласындағы Бас консулдығы:
+7 (906) 177-70-88
[email protected]
Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулдығы:
+7 (905) 020-30-42
+7 (843) 202-05-92
[email protected]
Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Бас консулдығы:
+7 (968) 100-73-06
[email protected]
Қазақстан Республикасының Екатеринбург қаласындағы Бас консулдығы:
+7 (939) 919-76-33
[email protected]
Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы:
+7 (981) 916-25-12
+7 (921) 188-90-60
[email protected]
СІМ азаматтардың тағдырына қатысты ақпаратты нақтылау үшін олардың өздері немесе жақын туыстары арқылы толық мәлімет берудің маңызын атап өтті.