Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, адами капиталды дамытуға және кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жарлықта кітап оқу мәдениетін дамыту мәдениет, білім беру және инновациялар саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Құжат аясында заманауи кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құру, цифрлық сервистер мен ақпараттық жүйелерді енгізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар балалар мен жастар арасында тұрақты кітап оқу дағдыларын қалыптастыру, отандық жазушылар мен ақындарды қолдау, баспагерлер мен кітап өнімін таратушыларды ынталандыру, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде кеңінен насихаттау мәселелеріне басымдық берілген.
Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылады. Ал 2026 жылдың соңына дейін жасанды интеллект дамуы жағдайында кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін насихаттауға арналған 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.
Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу, кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтарға арналған Ұлттық сыйлық тағайындау және бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жоспарланған.
2025 жылдан бері елде «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылып келеді. Пилоттық кезеңде жоба Қарағанды және Қостанай облыстарын, сондай-ақ Шымкент қаласын қамтыды. Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыттары іске асырылуда. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жобаға 189 мыңнан астам адам қатысқан.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков бұл бастама зерделі, саналы әрі құндылықтарға негізделген қоғам қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Ал қордың атқарушы директоры Аян Сакошев кітап оқу мәдениеті ұлттың зияткерлік деңгейін, ойлау сапасын және елдің даму бағытын айқындайтын стратегиялық негіз екенін айтты.
Жарлықтың қабылдануы мемлекет, қоғам, бизнес, білім беру ұйымдары мен шығармашылық қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.