Прямая трансляция

Астана

Астана

25°C

«е-Otinish» – қоғам мен билік институттары арасындағы сенім көпірі: Аида Балаева ақпараттық платформаның 5 жылдығына арналған конференцияға қатысты

Астанада «e-Otinish» ақпараттық жүйесінің 5 жылдығына орай «e-Otinish» – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі құралы» тақырыбында конференция өтті.

«е-Otinish» – қоғам мен билік институттары арасындағы сенім көпірі: Аида Балаева ақпараттық платформаның 5 жылдығына арналған конференцияға қатысты
Фото: gov.kz

Мерейтойлық іс-шараға ҚР Президентінің құқық мәселелері жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Жиында Президент көмекшісі Ержан Жиенбаев жүйенің мемлекеттік басқару мәдениетін жетілдірудегі маңызына тоқталды. «Бес жыл ішінде «e-Otinish» жүйесі халықтың мемлекеттік институттарға деген көзқарасын айқындайтын объективті индикаторға айналып, ашықтық пен есептілікке негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа әдебін қалыптастыруға ықпал етті.

Азаматтардың өтініштерімен жұмыс бірыңғай әрі тұтас тетік ретінде жолға қойылды. Бұл механизм өтініштерді жедел қарауды ғана емес, мемлекеттік органдар қызметіне объективті баға беруді де қамтамасыз етеді», – деді Ержан Жиенбаев.

Қатысушыларды құттықтаған Премьер-министрдің орынбасары «e-Otinish» Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жөніндегі стратегиялық бағытының іс жүзінде жүзеге асқан көрінісі екенін атап өтті.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформалар Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың жаңа стандарттарын бекітті. Оның өзегінде адам құқығы, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі және азаматтармен ашық диалог қағидаттары тұр. «е-Өтініш» жүйесінің қызметі дәл осы қағидаттармен толық үндеседі. Осы уақыт ішінде жүйе азаматтардың өтініш беру және мемлекеттік мәселелерді шешуге қатысу жөніндегі конституциялық құқығын іске асыратын пәрменді тетікке айналды. Жыл сайын осы жүйе арқылы азаматтардың миллиондаған өтініші қаралады. Әрбір көрсеткіштің артында нақты адам, оның мәселесі, әділдікке деген үміті және мемлекетке артқан сенімі тұр. Шын мәнінде, «е-Өтініш» қоғам мен билік институттары арасындағы сенім көпірі болып отыр», – деді Аида Балаева.

Конференция барысында Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсанбаев, AMANAT партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай, ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара азаматтармен тікелей жұмыс істейтін фронт-линиялар қызметі, мемлекеттік сектордағы жасанды интеллектінің рөлі және халықпен өзара іс-қимыл стандарттары туралы баяндамалармен жалғасты. Бүгінде «e-Otinish» шамамен 50 мыңдай мемлекеттік орган мен ұйымды біріктірген толыққанды мемлекеттік экожүйеге айналды. Платформаны 3 миллионнан астам азамат пайдаланады. Жүйе арқылы 5 жыл ішінде 16 миллионнан астам өтініш қаралды. Конференция мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл саласын дамытуға үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерді марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен – «Құрмет» орденімен, ІІ дәрежелі Бауыржан Момышұлы атындағы «Айбын» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ Президенттің «Құрмет» грамотасы және «Алғыс» хатымен марапатталды.

Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік қызметшіге Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің алғыс хаттары табысталды. Конференция аясында азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеудің практикалық мәселелеріне арналған тақырыптық семинарлар да өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі