Қаржылық мониторинг агенттігі ТМД кеңістігіндегі ірі көлеңкелі криптосервистердің бірінің жұмысы тоқтатылғанын хабарлады.
"RAKS Exchange" платформасы цифрлық активтер арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан.
"Аталған криптоалмастырғыш арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағында әрекет еткен 200-ден астам есірткі интернет-дүкендерінің транзакциялары өткен. Платформаның жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан", - дейді агенттікте.
Ауқымды криптотергеу барысында Follow the Money тәсілі аясында есірткі құралдарының заңсыз айналымына және даркнет алаңдарының қызметіне қатысы бар 4 000-нан астам криптоәмиянға блокчейн-талдау жүргізілді.
"Криптотергепу нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық активтер бұғатталды. Қазіргі кезеңде анықталған қаражаттың бір бөлігі – 3,2 млн USDT тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.
Олардың қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденіп, қаражат агенттіктің арнайы шотына аударылды. Нәтижесінде азаматтардың денсаулығына қауіп төндірген арна жолы кесілді. Ірі көлемдегі есірткі жеткізілімдері тоқтатылып, тарату инфрақұрылымы жойылды, бірқатар есірткі интернет-дүкендерінің қызметі тоқтатылды. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.