«Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жүргендердің шәкіртақысы өседі, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахмет Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, бағдарлама бойынша білім алып жатқандардың шәкіртақысы 15 жылдан бері көтерілмеген. Алайда әлем бойынша инфляция өсіп жатыр. Кей жағдайда біздің стипендиаттар шетелге отбасымен бірге барады. Кейбір елдерде берілетін шәкіртақы жеткіліксіз болып жатады.
«Шәкіртақыны арттыру мәселесі қазір қарастырылып жатыр, келесі жылға қарай нақты шешім белгілі болады деп ойлаймын. Шәкіртақы мөлшері ел мен қалаға байланысты өзгереді. Мысалы, Нью-Йоркте ол жоғары – шамамен 2,2 мың доллар. Басқа штаттарда төменірек», – деді Рахмет.
Сондай-ақ ол шәкіртақыны арттыру үшін қаражат қайдан алынатынын айтты.
«Нұсқалардың бірі – шәкіртақы иегерлерінің санын қысқартып, сол үнемделген қаражатты шәкіртақы мөлшерін өсіруге бағыттау», – деді спикер.
Айта кетерлігі, шәкіртақыны арттыру көлемі 10%-дан 15%-ға дейін болады.