Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев RES 2026 саммитінде табиғат пен геосаясаттың өзара байланысын атап өтіп, өңірдегі экологиялық сын-қатерлерге бірлесіп әрекет етуге шақырды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Мемлекет басшысы елдердің ортақ экожүйеде өмір сүретінін атап өтті.
Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Орталық Азия елдері ортақ табиғи ресурстар мен климаттық қауіп-қатерлерді бөліседі.
Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз, - деді ол.
Тоқаев Орталық Азия мен көршілес аймақтар тап келген ұқсас экологиялық сын-қатерлерді атап өтті:
- су тапшылығы және су ресурстарын тиімсіз басқару;
- шөлейттену;
- мұздықтардың еруі;
- ауаның ластануы;
- биоалуантүрліліктің жойылу қаупі.
Президент бұл мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екенін айтты.
Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын.
«Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін. Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді», - деді ол.